30.04.2022
  220


Автор: Рафаэль Ниязбек

ИСАТАЙ БАТЫР БАР БОЛСА…

Жақсыға қосшы болғанда,
Арайлы таң боп атқанмын.
Жаманға қосшы болғанда,
Бетім күйіп ұяттан
Қызарып күн боп батқанмын.
Төреге қосшы болғанда,
Төбеге шығып жатқанмын.
Төбе биге қосшы болғанда,
Орақ ауыз, өрт тілдің
Отын лаулатып жаққанмын.
Ханға қосшы болғанда,
Қабағын жіті баққанмын.
Хан ұлына қосшы болғанда,
Үлбіретіп үмітін
ақ қауырсын таққанмын.
 Ханшаға қосшы болғанда,
Көк аттыға көзін сүздірмедім.
Хан қызына қосшы болғанда,
Қызыл гүлін үздірмедім.
Исатайға қосшы болғанда,
Қосымды нарға артқанмын.
Көкірегім шерге толғанда,
Садағымды шіреп тартқанмын.
Исатай батыр өлгелі,
Өзіме өзім қосшымын.
Не пайда?
Не көрмедім.
Исатай батыр өлгелі,
Өзіме өзім басшымын.
Не пайда?
Неге өлмедім.
Исатай батыр бар болса,
Түсім қашып, түн қатып,
Осынша азап шегер ме едім,
Иә, азап шегер ме едім!





Пікір жазу