28.04.2022
  253


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҒАТАЙ СЕНІҢ ТҰСЫҢДА

Қалмақ шапқыншылығы кезінде
асқан ерлігімен көзге түскен
Ағатай батырдың есімі
исі Берішке ұран болған
АВТОР


Ағатай Беріш ұранға
Айналған батыр сен едің
Қағынан безген құланға
Тағдыры ұқсас
Тарлан ақын мен едім
Заманым тарта білгенде
Көбе бұзар жебе едім


Ағатай сенің тұсыңда
Халқымен ханы бірге еді
Жау төнгенде жұдырық боп жұмылған
Ағатай менің тұсымда
Нар халықтың қадірін
Хансұлтандар білмеді
Заманға қарап құбылған
Ағатай сенің тұсыңда
Қай хан да туған халқы үшін
Кеудесін оққа төсеген
Ағатай менің тұсымда
Тақта отырған қай хан да
Қара басының қамы үшін
Бықсыған отты өшірмей
Өршітіп қайта көсеген
Ағатай сенің тұсыңда
Ел билеген хансұлтан
Өзекке халқын теппеген
Қанжығаға бөктеріліп
Сүйем жер жатқа кетпеген
Іздегені алдан табылып
Мұратқа кімдер жетпеген
Ағатай менің тұсымда
Айырып ата қоныстан
Қазақтың жолын шектеген
Қолтығына орыстың
Аман қалып тығылған
Қараша үйлер жығылып
Қосын артып шұбырған
Сары садақ асынып
Атқа қонды сарбаздар
Хансұлтаннан суынған
Далам жасқа шыланып
Далам қанмен жуынған


Ағатай сенің тұсыңда
Әділдік ылғи жеңетін
Бақ дәулет қашпай халықтан
Ағатай менің тұсымда
Зауал туған сенетін
Өтірікке жаныққан
Шындықтан бәрі қорқады
Жарқанаттай түнде ұшқан
Сескеніп нұрлы жарықтан
Қазақты егер іздесең
Табасың тозақ тамұқтан
Халықтың соры қайнаған
Көз ашпай ауыр салықтан
Ағатай сенің тұсыңда
Жапа шегіп сотталып
Кімнің жаны қиналған
Екіталай күн туса
Көздері оттай шоқтанып
Бір төбеге жиналған
Бұлшық етіндей даланың
Шоғыршоғыр топтанып
Ағатай менің тұсымда
Аждаһаның үш басы секілденіп
Қазақ үшке бөлінген
Тігісі кеткен көрпедей
Іргесі сөйтіп сөгілген
Айдан асырып атса да жебесін
Бөлінгенді бөрі неге жемесін
Ағатай сенің тұсыңда
Билік құрған текті елге
Сатылмаған хандары
Оқалы киім шекпенге
Ағатай менің тұсымда


Ел билеген хансұлтан
Сатылды мата бөзге де
Сатылды жылы сөзге де
Жылы ұшыраған көзге де
Ағатай сенің тұсыңда
Елін жаудан қорғаған
Батырын ел де қолдаған
Ағатай менің тұсымда
Елін жаудан қорғаған
Батырын сұм көп қорлаған
Ағатай сенің тұсыңда
Жанарына ғасырдың
Толқынданып аунаған
Сұлулық көзді жаулаған
Ақынын көкке көтерген
Жүрегінен жыр саулаған
Ағатай менің тұсымда
Аластап елден ақынын
Адамды адам аулаған
Ағатай сенің тұсыңда
Бурадайын шабынып
Еңіреген ез де ер болған
Ағатай менің тұсымда
Әділет іздеп сабылып
Азамат ерлер жер болған
Абақтыға жабылды
Ата жолын қуынған
Су түбіне жоғалды
Қаһарлы қылыш суырған
Желбіреді ту болып
Туған елін қуырған
Өлді үйінде буынып
Хан болса халқын сатпаған


Қырандар көктен қуылып
Аспанға қарға қаптаған
Аспанға қарға толғасын
Жүзеге асқан арманы
Құдай қайдан қолдасын
Қыран десек қарғаны
Ағатай Беріш ұранға
Айналған батыр сен едің
Қағынан безген құланға
Тағдыры ұқсас
Тарлан ақын мен едім
Заманым тарта білгенде
Көбе бұзар жебе едім
Шалғайына жармасып
Көрінген төбет үргенде
Өшіріп үнін бір демде
Сырқыратқан сүйекті
Өкпек желге ықтамай
Қасқайып қарсы жүргенде
Қазақты қай жау басынды
Мұхитқа салып кемесін
Найзағайдан жай тартқан
Қазақты қай жау басынды
Ызакекке суарылған
Аңырата атып жебесін
Қарсыласын жайратқан
Қазақты қай жау басынды
Ағатай сенің тұсыңда
Қазақты намыс өлтірген
Ағатай менің тұсымда
Намысты
қазақ өлтірген


Намыстың жүрмей жолымен
Бас қамын ойлап жұлқынған
Қазақты қазақ қолымен
Қан жоса етер күн туған





Пікір жазу