БАЙЛАУЫН ТАППАЙ ДҮНИЕ
Өтемістен туған он қайда?
Атадан қалған жол қайда?
Ақырып теңдік сұраған
Сардардан қалған қол қайда?!
Азамат ерден жұтаған
Қалың ел мені қорғай ма?
Паналаған қисық бұтаны
Бақытты менен торғай да.
Қасірет, қайғы шеккенде,
Көлінен қызғыш кеткенде, –
Құм ішіне сүңгіп жоғалғам,
Атанып тентек текті елде.
Таулары кербез керілген,
Кетті ме кие жерімнен.
Жәңгірдің қорқау ортасы
Бездірген мені елімнен.
Тексіздер сыртқа тепкенде,
Жүремін қалай текті елде?
Егеулі найза қолға алып,
Айналсам да өжет кекті ерге, –
Өз қолымды өзім кесе алмай,
Жұртымнан безіп кеткенде:
Үйірінен қалған адасып,
Ұқсадым жалғыз кептерге.
Дертінен қоғам айықпай,
Туласам да асау Жайықтай,
Қалт-құлт еттім теңіз бетінде,
Ескексіз қалған қайықтай.
Сіңдірмей бойға жегенін,
Сорлайды ылғи неге Елім?
Күйреген теңіз бетінде
Күйін де кештім кеменің.
Қоғамда мұзы сірескен,
Жел болсын қайдан жылы ескен.
Бір күндік сәуле үшін де,
Күндерім қанша күрескен.
Ат үстінде туып жетілген,
Неге де бекем бекінген.
Қайтатын жолдан мен емес,
Соқса да дауыл бетімнен.
Балдағы алтын семсермін,
Қайрауын таппай кетілген.
Дүбірге бөлеп жазығын,
Жолдан тауып азығын, –
Ағындап жүрген ақ бозбын,
Ел ішінен таппай қазығын.
Жұлынса оқыс жұлыным,
Тоқтайды өзен ғұмырым.
Қона алмай жүрген қыранмын,
Ел ішінен таппай тұғырын.
Құлындап жұлдыз түн – бие,
Төксе де нұрын күн – кие.
Баянды бола қоймаспын,
Байлауын таппай Дүние.