28.04.2022
  193


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАҒЫ ДА МАХАМБЕТ ХАҚЫНДА


…Ақ алмас шапқан кезде желкесінен,
Даланың көз жазбады бел-төсінен.
Хас батыр жығылыпты
Құдірет-ау,
Өз басын жоғары ұстап кеудесінен.
Есіл ер дұшпанына табынған ба?
Бір өзі мыңды шапқан жабылғанда.
Атқаны алшысынан жатқан түсіп,
Бояған не мықтының тағын қанға.
Дүбірі тұлпарының аймақты алған,
Ұшқан шаң көлге қонып қаймақтанған.
Жүрегін жұлып алып найза еткенде,
Даланың айбары боп айбаттанған.
Көрмепті жанарында жас қамалып,
Намысын қайрап өткен тасқа жанып.
“Батылдық – біздер үшін ұлылық!” деп,
Өз жауын көрге тыққан жасқап алып.
Көңілдің кім бөгейді жыр ағысын,
Жігіттің жаратқан ол қырағысын.
Иілмес болат семсер сынды бір күн
Қайырып салмақ болған қыран құсын.
 Ол кетті алға асырып жас қиялын,
Ол өлді– тұрды алдымда қасқия мұң.
Ыңырсып, ыршиды кеп бедеу бұлақ
Арнасын тіліп өтіп тас қияның.
Көрдің бе баса алмай тұр күн аптығын,
Жанардан тамшы жас боп құлапты мұң.
Махамбет жерді басып тұрған кезде,
Егіліп, азап шегіп жылапты кім.
Қалды енді бір төбеде – таста қыстап,
Арманы дауылды әлі жасқап ұшпақ.
Өз басын өзге түгіл жатыр, сенсең
Өзінің кеудесінен асқақ ұстап.





Пікір жазу