28.04.2022
  200


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАХАМБЕТТІҢ РУХЫ СӨЙЛЕГЕНДЕ


Батырдың сүйегі бұрын жерленіп,
басын кейін апарып асығыс көме салған.
Сөйтіп, басы кеудесінен жарты метр жоғары
қойылған. Біз қайдан білейік, аңыз солай дейді.
Өзім қажып жүргенде, атым арып,
Ажалыма тұрдым ба жақын барып.
Аңғалдығым түбіме жетті ақыры,
Сорладым-ау, қайтейін, қапы қалып.
Жұмыр Басы қапыда кесілгенде,
Не істесін көз жұмған есіл пенде?
Бүйтіп ажал құшпас ем,
Ел алдында
Менің қилы тағдырым шешілгенде…
Жұрттың жыр боп жатталып көңілінде,
Енді аңызға айналар өлімім де.
Мені жоқтап бір кие жүреді ылғи
Нарын құмның құнарлы өңірінде.
Мен өлмеймін,
Ендеше мен өлмеймін,
Рухым жайлы жазылып өлең кейін, –
Замандардан заманға көшіп және
Биіктерден биікке мен өрлеймін.
Сақ-сақ күліп өмірге мен келгенде,
Ойлағам жоқ өлем деп сергелдеңде.
Жұмыр Басым жоғары жатқан жоқ па,
Өзге түгіл өзімнің кеудемнен де.
 Сілтенбесін ажалдың кімге орағы,
Қай адам да өмірдің бір қонағы.
Қапылыста кесілген Жұмыр Басым,
Кесілмеген бастардан тұр жоғары!





Пікір жазу