Бүгінгі жеңіс күнінде
Бүгін 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні. Қан майданға қатысып, әрбір күнін соғысқа арнап, Отан үшін жанын берген ардагерлерге, батырларымызға бас иіп, еске ала отырып, осы атаулы күнді тойлаймыз. Бұл күннің өзі Жеңіс күні, яғни 4 жылға созылған шайқастың дәл осы күні бітіп, жеңіске жетіп, «Біз жеңдік» деп шартарапқа жар салған күн. Осы күні жау әскерінің кейін шегініп, жеңіліс тапқанын мойындаған күн. Бұл күннің тағы бір ерекшелігі әрбір жерде болып жатқан соғыс кезінде «Біз жеңдік» деген хабар таралғанда әрбір майдангер батырларымыздың күйін көз алдымызға елестетіп көрейік, жоқ, елестете де алмаймыз. Өйткені, біз үшін соғыс беттері ұлы тарихқа айналғандай. Мектеп оқып жүрген кезімізде майдангер аталарымызды осы жеңіс күнінде мектепке шақырып, арнайы концерттік бағдарламадан соң олармен сұқбат болатын. Олар үшін соғыс жыдарындағы өткізген күндерін айтып беру ең қиын болатын. Көздеріне жас алып, майданнан оралмай қалған замандастарын еске алып біраз үнсіз отыратын. «Біз жеңдік» деген сөзді естігенде қандай ұрыс алаңында жүргендерін, сол кездегі күйлерін бізге әңгімелеп беретін. Сұқбат соңында «Сендер бейбіт заманның ұрпақтарысыңдар. Осы жеңіс күнінің арқасында жалғасып жатқан бейбіт, тыныш күнді сақтаңдар. Жеңіс оңай келген жоқ. Сендердің болашақтарың үшін, Отан үшін болған бұл сұрапыл шайқас енді болмасын» — деп көздеріне жас алатын.
Сондай майдангер, батыр аталарымыз бұл күнде өмірден өтіп, бізді көктен бақылап отырғандай. Олардың сенімдерін ақтап, бір жағадан мойын, бір жеңнен қол шығарып сыйластықта әрбір жеңіс күніне амандықта жете берейік. Майдангер, батыр ата-бабаларымыз қалдырған бұл Ұлы Жеңіс күнін біз де келер ұрпаққа насихаттап, саналарына сіңдіруіміз өте маңызды және міндетіміз деп білем.
Жеңісті күндер жалғансын, Жеңіс күні мәңгілік. Еліміз аман, тыныш боп, Ата берсін таң күліп!
«Ғажайып Қазақстан — 2050» журналының бас редакторы Жібек Искакова