28.04.2022
  295


Автор: Рафаэль Ниязбек

АРЫСТАН БОП ТУСА ДА…

Жігерліге шіреніп жебе тартқан,
Шекесіне шерлердің шеге қаққан
Заман қанша жоғалған,
Бірақ, Маха,
Нар тұлғасың жоғалмай келе жатқан.
 Ойда жоқта төбеңнен жай түсіріп,
Заман сені қинады Қайғы ұсынып.
Адам қолы жасаған қылмыстардан,
Қалтырайды көгінде Ай қысылып.
Орағытып тиетін тасы алыстан,
Тағдыр талай егесіп қасарысқан.
Кәрі арыстан болса егер қатал тағдыр,
Айбары асқан сен едің жас арыстан.
Ұстаса да семсер ғып намысты алға,
Көзін жіті тіксе де алыстарға, –
Бір арыстан жеңеді жауды қалай
Елі түгел айналмай арыстанға.
Әділ жаннан түңіліп безінгенде,
Күңірендің жия алмай есіңді елде.
Жұрт ішінде жүрсең де
аласұрдың
Жалғыздығың білініп сезілгенде.
Қалып қойған өтінде қарлы ызғардың,
Күйін кештің жапанда жалғыз талдың.
Жолбарыстай қайда да жеке жортып,
Қыстан суық мезгілде сан мұздадың.
Арыстан боп туса да,
қай кезде де,
Күні қараң екен-ау Жалғыздардың!





Пікір жазу