28.04.2022
  254


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕҢІРЕГЕН ЕР ІСІ…

Таптың ба опа бұла күш, қуатыңнан,
Ұшып түстің зымыран құла атыңнан.
Мойыныңа құрық боп түсті ме әлде,
Соңыңда анау бұйра шаң шұбатылған?
Күліп, әне, тұрғанмен көкте күнің,
Естірмісің сен енді көктем үнін.
 Не себепті сүріңдің, жаным ағам,
Жетпеді ме жалының, көпке гүлің?
Сонау жылы жапқанда даланы ақпан,
Мына жақтан келгенді, ана жақтан, –
Бәрін бірдей төсіңде шуақтатып,
Бәрін бірдей жан едің паналатқан.
Қаншама адам болмасын шұбап келген,
Көктем едің жаныңнан шуақ бөлген.
…Сардар басың саудаға түсіп тұр-ау,
Қайда ағайын өзіңді қуат көрген?!
Қайда ағайын алдыңа шұбап келген?!
Енді, міне, тар жолдың сыйын көрдің,
Қиясында жығылып қиын өрдің.
Ел қорғаған жігіт ең,
Сені қорғау –
Келмеді, аға, қолынан дүйім елдің.
Бір қуардың сен бұған, бір түнердің,
Қапаланба
Боркемік кімді көрдің?!
Еңіреген ер ісі
Кейбір сәтте
Қолынан келмеуі де мүмкін елдің!





Пікір жазу