27.04.2022
  244


«Заманауи басшы: табыс формуласы» (эссе)

Мұқашева Бибігүл Ақбалақызы


Директор – мұғалімнің мұғалімі.


Қазақ поэзиясының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: оның бірі –жар таңдауда, екіншісі –мамандық таңдауда» -деген екен. Міне, мен осы бір өмірлік қағидаға айналған ұстанымды өз болашағыма арқау еттім және қателеспедім. «Алла тағаланың әр пендеге сыйлаған ең үлкен нығметі-өмір жолында жақсы адамдарды жолықтыру» -деседі хадистерде. Менің 27 жылғы еңбек өтілімде ұққан және ұғынған тәжірибем ұжымда өз жұмысына деген сүйіспеншілігі мен түсіністігі мол адамдардың болуы. Мен оларға ынта-жігерді, шәкірттерін білімге баулудағы іс-тәжірибені үйренуден жалықпаймын. Өйткені, бұл менің табыс көзім болмаса да табыс формулам іспетті. Мамандық таңдаудағы әрекетіме, өткен шаққа, сол бір балалық шаққа көз жүгіртсем де осындай жаныңды жадыратып, саған жол сілтеп тұрғандай болатын адамдар есіме түседі.


Мен бұл мамандыққа қалай келдім? Ұстаз болуды бастауыш сыныпта оқып жүргеннен армандағанмын. Бір жағынан мектепте сабақ берген ұстаздарыма ұқсағым келсе, екінші жағынан нағашы апам Айжанға да қатты еліктейтінмін. Кішкене кезімде сабақтан келе салысымен тамағымды ішем де, бөлмемнің есігін жауып алып, мұғалім болып ойнайтынмын. Әрі нағашы атам Қара да, нағашы әжем Жеміс те елге сыйлы ұлағатты ұстаздар болатын. Оның үстіне нағашы атам Қара Тәшенов ұзақ жылдар мектеп директоры, Мақат, жылыой аудандарының білім беру бөлімі басшысы болып қызмет атқарған. Міне, осындай тұлғаларды көріп өскен маған бұлардың да әсері болды. Сол сияқты, алғашқы еңбек жолымдағы ұлағатты әріптес ұстаздарымның келбеті мен адами болмысының ықпалы да зор еді. Мен осындай өз ісіне берілген ұстаздарды үлгі еттім және еңбек жолымда олардың ақыл кеңесіне жүгіндім. Менің №1-табысқа жетелер формулам-осы ұстанымым.


Әрине, тәуелсіз еліміздің алдында тұрған басты міндет білімді де білікті болашақ ұрпақты оқыту, тәрбиелеу екені баршаға аян. Білім және тәрбие беруде жалпы білім беретін мектептердің педагогикалық процесін жақсарту да кезек күттірмейтін мәселе екені түсінікті. Бүгінгі заманның талабы-өскелең ұрпақтың әлемдегі әрбір өзгерісті ұғына, өмір ағысымен жан-жақты жаһандану жүйесіндегі жүйелі жетістіктер мен жемісті жеңістерді ала білуі. Ал, мен осы талапқа саймын ба? Заманауи мектеп басшысы қандай болу керек? Дәлелденген мектеп директорының тұлғалық үлгісі: басқарушы-ұжымға жетекшілік жасаушы; көшбасшы-ұйымдастырушы, дипломат-әріптестерімен жоғары басқару органдары, ата-аналарқоғамдық ұйымдармен байланыс орнатушы; тәрбиеші-ұжымды қалыптастыратын және оның дамуына дұрыс бағыт беруші; жаңашыл-қазіргі кездегі ғылымның рөлін түсінетін, білім беру үдерісінде үнемі жаңалыө енгізуші; білім ұйымының болашағын ойлаушы, оның дамуын жүзеге асырушы яғни, бір сөзбен айтқанда қарапайым, қабілетті, мәдениетті, адал, өз бетінше шешім қабылдайтын, айналасындағы адамдар үшін тек үлгі бола алатын адам.


Жаһандану заманында, әсіресе білім беру жүйесіндегі қазіргі өзгерістер мен түбегейлі жаңарулар дәуірінде мектеп басшысы алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерді орындаудың маңызы орасан зор. Осы мақсатта елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыратын ұрпақ тәрбиелеуде қоғам алдындағы зор жауапкершілік те бірінші мектеп басшысына жүктелген. Сол себепті қазіргі заманауи әлемдегі мектеп басшысы-рухани жағынан дамыған, басқарудың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі әрдайым жетілдіругеұмтылатын білікті басшы болуы керек. Жалпы, мектеп басшысының да, кез келген шығармашыл тұлғаның да ең бірінші алдына қойған үлкен міндеті-оқушыларымызға заман талабына сай тәлім-тәрбие беру. Жаңа кезеңдегі басшының басқарушылық іс-әрекетінің мазмұны зерттеушілік қызметтен, жеке ізденістерден, оқушымен, ата-анамен тығыз ынтымақтастықтан тұрады. Келешекте болашағымыз білімді ұрпақтар қолында болу үшін аянбай жұмыс істеу керек. Тек мектеп басшысы шыдамды, ізденуші, зерттеуші, шығармашыл, жаңашыл, талапшыл болудан қашпау керек. Бұл заман талабы. Мектебіміз биылғы оқу жылында да жаңа компьютерлік кабинеттермен жабдықталып,ақпаратты жүйелермен (интерактивті электронды тақталар, жоғары жылдамдықты интернет, мультимедиялық кабинеттер) құралдануы оқушыларға тиімді білім берумен қатар, мұғалімге де оқу үрдісін тиімді басқаруға қажетті заманауи сабақ беруіне ыңғайлы.Сол сияқты заманауи типтегі жеке кітапхана да кітап өорларымен, дидактикалықматериалдармен толығуда. Жаңа үлгідегі мектеп асханасында балалар үшін барлық жағдай жасалған. Мектеп оқушыларының демалатын, тамақтанатын орны, сабақ оқитын кабинеттері талапқа сай жасақталған. Балалар жаңартылған топтық жүйе бойынша оқытылады. Ұстаздарымыздың барлығы да жоғары, бірінші, екінші санатты педагогтар.


Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ»-дейді А.Байтұрсынов. Ұлағатты ұстаздың осы сөзі бұгінгі күні де өз мәнін жойған жоқ. Қазіргі заманның ұстазға қояр ең басты талабы-ақпараттандырылған, жаңа форматты, жан-жақты, дүниетанымы кең, тәрбиелі әрі саналы шәкірт дайындауда оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін, заманауи инновациялық технологияларды терең меңгеруі. Сондықтан да, ұстаздарымыздың осы талапқа сай болуын бірінші орынға қоямын. Мұғалім де, мектеп басшысы да сапалы білімге жету жолында аянбай еңбек етуі керек. Мектебімізде қоғамдық өзгерістерге тез икемделетін, жаңалыққа жаны құмар, шығармашыл яғни, деңгейлік курс бағдарламасын оқып-үйреніп, тәжірибеде қолдану арқылы нәтижеге жетіп жүрген ұстаздар көп.


Заманауи басшыдан не талап етіледі? Сенімді жетекші болу, жауапкершілікті өзіне алу, ұйымдастырушылық қабілетін дәлелдеу, өз жұмысын үнемі іштей бағалау және алдағы қажеттеліктерді анықтау, жаңа идеялар мен үрдістерді зерделеп, қажеттісін таңдауда бастамашыл болу, берілген тапсырмаларды уақытында дұрыс орындалуын қадағалау және қамтамасыз ету, мектеп өмірінде кездескен ситуациялық жағдаяттарды шеше алу.


Осы талаптарды жүйелі жолға қоюдың арқасында көптеген жетістіктерге жетуге болады және жетіп те келе жатырмыз. Мен абсшылық еткен уақыт ішіндегі №2 табыс формуласы ретінде-ұжым мұшелерінің өзара ынтымақтастығын атап өткім келеді. Қйткені, ұжым мүшелерінің жетістіктерін , талпыныстарын ескеріп, кездесулер мен мерекелерде мақтап, мадақтап, шабыттандырудың маңызды екенін, отбасылық әртүрлі жағдайларда қолдап отырудың қажет екенін жақсы түсінемін. Адами жақсы қасиеттерді бойыма дарытып, адамгершілік қасиеттерді ұстанғым келеді. Сол себепті де басқарушы тұлға ретінде ерекшеленесің. Әрине басшы жүгі –ауыр жүк. Әрбір ұжым мүшесі өзіне деген құрмет пен қамқорлықты, сенім мен міндетті сезіне білуі тиіс.Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, жіберген қателігін сездіре білу-бұл нағыз шебер басшының ісі емес пе?! Заманауи басшы ұжым мүшелерінің арасында да өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен үлкен беделге ие. «Тәуелсіз ел ұрпағының тәрбиесі, ұлт тәрбиесі ұстаздардың қолында» десек, ал ұстаздардың мүддесі: демалысы, білімін жетілдіру т.б мәселелер шешімі білікті де іскер басшының қолында екені сөзсіз.


Қорыта айтатын болсам, осы жоғарыда айтылғандардың негізінде мектепте жаңа үлгіде, жаңа технология әдістерін қолдану арқылы адамгершілік тұрғыдан басшылық жүргізу-мектеп мұғалімі мен оқушыларының өзін-өзі дамытуына, жан-жақты білім алуына көмектеседі. Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдалана білу біздің үлесімізде. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, ұжым мүшелерінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін табыс формуласы тұрғысында жетістіктерге жеткен, жетуге жұмыстанатын заманауи басшы үрдісінде сай болу басты міндетім деп білемін.





Пікір жазу