27.04.2022
  157


Ұстаз ұстаз емес өз шәкiртi үшiн күймесе

Асқарова Меруерт  Алишеровна


Кімде-кім халқынан алмаса тәлім,


Оны үйрете алмас ешбір мұғалім.(Ж.Баласағұн). .


Ұстаз ұстаз емес өз шәкiртi ұшiн күймесе, шәкiрт шәкiрт емес өз ұстазын сүймесе. Мен үшін де осынау өмірімдегі ең қастерлі әрі қасиетті мамандық ол – тәрбиешілік. «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы мен жауаптылығы қырық атанға жүк боларлық осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамдық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанымды мақтан етемін. Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған кәсіп-мамандығыңа деген салиқалы ынтызарлық әрі ыстық ықылас дер едім. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түйсіне алған әр адам биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі. Қалаған ісіңе ғашықтық пейілмен қарай білсең, өмірден өз орныңды тапқандығың! Мұндай философиялық қағида бағзыдан қалыптасқан жоғары адагершіліктік ұғымдармен астасып жатыр. «Кәсібің – нәсібің» дейді қазақ даналығы. Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана және жемісті еңбек арқылы өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді еселей аласың. Ал, тәрбиеші болу – айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді. Қазақстан  Республикасының «Білім туралы»  Заңында:  «Білім беру  жүйесінің  басты  міндеті – ұлттық  және азаматтық  құндылықтар  мен практика  жетістіктері  негізінде  жеке  адамды  қалыптастыруға  және  кәсіби   шыңдауға  бағытталған  білім  алу  үшін  қажетті  жағдайлар  жасау,  оқытудың  жаңа  технологияларын  енгізу,  білім  беруді  ақпараттандыру, халықаралық  ғаламдық  коммуникациялық  желіге  шығу» — делінген Осындай қағидаларды басшылыққа алған мен өз тәжірибемде: Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық және танымдық  қабілеттерін   дамыту  үшін күнделікті сабаққа  компьютерді , және бейне таспа , аудио, видео, интерактивті тақтаны пайдалану  бойынша жұмыс жүргізудемін. Тәрбиешілік жолдағы басты мақсатым —  жаңа ақпараттық технологияны қолдану арқылы білімнің сапасын көтеру  және  телекоммуникациялық технологияларды  енгізу  арқылы  оқыту мен тәрбиелеуде  инновациалық ойын технологиясы  элементтерін  пайдалана отырып , жан- жақты білімді , құзіретті  тұлға тәрбиелеу.


Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту еңбекке деген рухани адамгершіліктің қалыптасуына серпін беріп, негіз болады. Бірақ бұл қажеттілік балаға күш салмай іске асуы мүмкін емес, сондықтан оны еңбексүйгіштікке, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, дербестікке, белсенділікке және өз еңбегімен айналасындағыларға қуаныш сыйлауға талпынуына тәрбиелеу қажет.


Мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз тәрбиеленушілерімді биік белестерден көріп жатсам, сол үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді бақытты тәрбиеші-ұстаз, бақытты жанмын деп білемін.


Батыр Бауыржан Момышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп ұлы ой айтқан болатын. Біз  балабақшадағы  бүлдіршіндерді сыйластыққа әдептелікке, татулыққа  тәрбиелеуге, тамаша ортада тәлімді тәрбие беруге әрдайым жауаптымыз.


Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет. Осы міндетті орындау үшін әрбір тәрбиеші жанын салады. Ендеше, олардың әрқайсысының еңбегі қашанда құрметке лайық деп білемін.


ТӘРБИЕШІ! Бұл әрдайым үлкен әріптермен жазылуға тиіс мазмұнды сөз деп танимын. Өйткені, біз елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеудеміз. Өйткені, біз жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілі – қазақ тілін сіңірудеміз. Тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарды, дәстүр мен салтты, ұлтымызға тән ізгіліктерді, жалпы адамзатқа ортақ өркениеттік ұстанымдарды жұғысты етудеміз.


«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, менің де осы мамандықтың иесі атанғаныма аз уакыт болса да тарбиеші болу маған үлкен бақыт!. Қиындығы мен қызығы, ауартпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстанымым — үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр тәрбиленушімнің бойынан жалт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Сондықтан да бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл – бала жанын тереңнен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін, бүлдіршіндерді жан-тәнәмен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан ғана келетін жұмыс. Ұлы педагог Г.Песталоцци: «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеу құқығың жоқ», деген екен.


Халқымызда «Жас келсе — іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз тәрбиеленушілерімді биік белестерден көріп жатсам, сол үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді бақытты тәрбиеші-ұстаз, бақытты жанмын деп білемін.


Қорытынды: Мектепке дейінгі тәрбиелеу  мен оқыту  баланың ғана емес , еліміздің де жарқын болашағының  кепілі. Үздіксіз білім берудің алғашқы деңгейі.  Ал тәрбиеші жаңа заман баласын  қалыптастырып , дамыту үшін , тұлғаның  ішкі дүниесі  мен оның  қыр сырын  анықтап ,мүмкіншіліктері мен қабілетінің  дамуына жағдай туғызады. Өйткені жаңа заман баласы  бүгінгі  қазақ қоғамының  ұлттық қазынасы. Егеменді еліміздің  ертеңін ойлап , білімді де саналы  Туған жерін, Отанын, ұлтын сүйетін  және парасатты  жас бүлдіршенді тәрбиелеуде  өзіндік  үлесімді қосып  басқаларға  үлгі болып , ізбасарларым менен өнеге алса екен деймін.





Пікір жазу