27.04.2022
  322


Автор: Рафаэль Ниязбек

АШЫЛҒАНДА БАҚЫТТАН ҚАБАҒЫ ЕЛДІҢ


Ер жете ме өзіңе, сардар аға!
Жаралғансың намыстан, Ардан аға!
Дауылпаз боп туғансың қан тулатып,
Дауылдары бораған сардалада.
Асылдарын ту еткен анық танып,
Керек еді өзіңдей халыққа алып.
Махамбетсің алаулап бір-ақ туар,
Ғасырларды араға салып барып.
Өзің барда Ар жолын шындап қуған,
Жылынбасын неге Өмір мұздап тұрған.
Махамбетсің найза етіп,
от құрсанған
Найзағайды қолына ұстап туған.
Булыққанда көңілдің күйі налып,
Қанжарыңды қайғыға жиі малып, –
 Нарын құмда көп жорттың,
жер мен көктің,
Ыза-ашуын бойыңа жиып алып.
Бойға жинап қуатын көктем, күздің,
Қараулықтың желкесін көктен де үздің.
Көкірегіңде өксігі көбік шашқан
Ала өгіздей өкірген көк теңіздің.
Шырғалаңға шырмалып шатылғанда,
Талай батқан батпаққа батыл жан да.
Қараулықтың орманы жатты өртеніп,
Ауызыңнан ақ жалын атылғанда.
Қаһарлансаң Нарында құм бораған,
Жаулық ойлап сен барда кім жолаған.
Хан-төреге ақырып атқа қондың,
Туған елдің жүрегін мұңға ораған.
Төсін босқа тоздырған қара жердің,
Бірі емессің жалбыр тон жабағы ердің.
Сен түсетін шығарсың аттан, сірә,
Ашылғанда бақыттан қабағы елдің.





Пікір жазу