27.04.2022
  209


Автор: Рафаэль Ниязбек

КІМ ШЕГЕДІ АЗАПТЫ?

Жұлдыз болып жансаң да көгінде елдің,
Өмір көрдің,
сен біраз өмір көрдің.
Ханның саған есігі неге ашылсын,
Жабылғанда есігі көңілдердің.
Көңілдердің есігі жабылғанда,
Дос-жараның қасыңнан табылған ба.
Ұлыларын ұлытып,
қан жұтқызған
Ала- құйын Уақыт қағынғанда.
Қырға шығып, ел жаққа көз тігесің,
Сағым кешіп, сарғайып сағынғанда.
Жүз қайтара семсер боп қайралғанда,
Жарқыл қағып жүрмек ең майдандарда.
Даң-дұң ойға беріліп, жасымағын,
Қуғын көрген кезінде пайғамбар да.
Жасымағын,
қайтсе де қажымағын,
Болашақта гүлдейді жасыл бағың.
Тірі болсаң, бір жерден шығарады,
Тал бойыңда тулаған асыл ағын.
Сұм заманда Ар жолын қуынбаған,
Зұлымдықтан зұлымдық туындаған.
Аспанынан тұрғасын Қайғы жауып,
Өңір бар ма көз жасқа жуынбаған.
Ұрындым деп пәлеге мұңаймағын,
Кезде Уақыт қылышын суырмаған.
 Ағысы өлген өзеннің суы ғана,
Тау мен тасқа соқтығып ұрынбаған.
Қисық мойын бақыттың керегі не?
Асыл ерге өзіңдей бұрылмаған.
Жанбай жатып отсың ба текке сөнер,
Қараулыққа оқ атып,
кектесе бер.
Кім шегеді өзіңдей азамат ер
Халқын ойлап,
азап-сор шекпесе егер?!





Пікір жазу