КӘРІ АРЫСТАН БОЛДЫҢ-АУ…
Намысыңа қайралып кетілгенде,
Желбіретіп ту тіктің жетілгенде.
Арқарлардың бойыңда қаны ойнаған,
Арқардайын тау-тасқа секіргенде.
Сардар болсаң сен бұрын жауда ойнаған,
Қарт маралсың бұл күні тауда ойнаған.
Мына жалған Дүние,
ойлап тұрсаң,
Кім-кімді де қайғыдан сау қоймаған.
Шаңын қағып, жер-көкті сілкілеген,
Күнің қайда от бүркіп күркіреген?
Өте шығар көрінген басқа теуіп,
Бұралқы иттің тағдырын кім тілеген?!
Жұрттың бәрі халіңді шамалаған,
Сырт айналып, сыртыңнан қаралаған.
Бұта ғұрлы болмады қалың елің,
Ұшып келіп жетім құс паналаған.
Уақыттың тап келіп тасқынына,
Ен Нарынның жоғалдың тас-құмына.
Туған елдің сардары болсаң кеше,
Бұл күндері айналдың қашқынына.
Тіршіліктің жырасы, жықпылында,
Жалғыздықтың күн кештің тұтқынында.
Ел ішінде сөзіңді кім сөйлесін,
Кісіліктің жоғалған жұт жылында.
Бақ пен бақыт түссе егер бастан аунап,
Қу түлкіге айналар қашқан заулап.
Өте шығар ғұмырың,
оны қайтып,
Ұстағанша таудан да, тастан да аулап.
Көк аспанда шарықтап ұшқан заулап,
Жатушы еді оғыңнан құстар аунап.
Кәрі арыстан болдың-ау,
Күнін көрген
Нарын құмның ішінен тышқан аулап.