27.04.2022
  726


Автор: Ораза

Оразаға байланысты "дұрыс" деп саналып жүрген кейбір қателіктер


А. Қасым
Бисмилләһир рахманир рахим
Қасиетті Рамазан айы да келді. Хақ Тағала қаласа, ертең, оразаның бірінші күні. Алла Тағала "ораза ұстаушы кісінің сауабын өзім беремін" дей келе Рамазан оразасын ұстаудың қаншалықты ұлық іс екендігін білдіріп өткен. Бұл айда оқылған бір нәпіл намаз немесе жасалған бір жақсылықтың, яки бір мұстахаб амалдың сауабы - басқа айларда жасалған парыз амалдың сауабымен тең. Ал бұл айда орындалған бір парыз амал - өзге айларда орындалған жетпіс парыз амалға тең. Міне, қаншалықты берекеге толы ай екендігін өздеріңіз топшылай беріңіздер. Алла Тағала берекесін жаудырсын!     
Бүгінгі жазбамызда оразаға байланысты халық арасында «дұрыс» деп саналып жүрген, бірақ шын мәнісінде қате болып есептелетін пікірлерді ұсынып отырмыз. Олар төмендегідей: 
(Ескерту: Төмендегі пунктардың әрбірінде тақырып ретінде әуелі қате пікірлер берілген. Соған қарап «солай екен ғой» деп ойлап қалмауларыңызды ескертеміз. Әр пункты толық оқуларыңызды сұраймыз).
1) Ғұсылсыз ауыз бекітуге болмайды. Кейбір қандастарымыз ғұсылсыз ауыз бекітуге болмайтындығын айтып жатады. Бұл қате пікір. Ауыз бекітер сәтте міндетті түрде ғұсылды болу керек деген қағида жоқ. Мәселен, ғұсылы жоқ кісі алдымен сәресіні ішіп, одан соң ғұсылданар болса, оған рұқсат. Оның ағат тұсы жоқ. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ғұсылсыз болған күйі ауыз бекіткендігі риуаяттарда айтылған. Әрине, ерте тұрып әуелі ғұсылданып, одан соң сәресіге отырған жақсырақ. Дегенмен, әуелі сәресі ішіп, ауыз бекітіп, одан соң ғұсылданып жатса да әбес емес. Оразасы саналады. Әйтсе де, мүмкіндігінше таңға дейін ғұсылсыз күйде жатпастан түнде шомылып алғандығы абзал.
2) Түкірігін жұтса немесе түкірігін жинап жұтса ораза бұзылады. Бұл - қате. Ауыздағы сілекейі мен түкірігін жұтса ораза бұзылмайтыны сияқты, түкірігін ауызға жинап жұтса да оразасы бұзылмайды. Бірақ түкірігін аузына жинап жұту мәкруһ саналған[1].
3) Жүкті әйелдің ораза ұстауына болмайды. Бұл да қате пікір. Егер іштегі балаға зияны болмаса ораза ұстай беруіне болады. Сенімді мұсылман дәрігермен ақылдасқан абзал. Егер іштегі балаға не өзіне зияны тимесе, ұстауы керек.


9) Абайсызда су жұтып қойған кісі, аузын ашып ас іше беруіне болады. Бұл дұрыс емес. Қателікпен, ораза екендігін біле тұра абайсызда бір нәрсе жұтып қойған кісі бір күн қазасын өтеуі керек. Әдейі емес, абайсызда туындаған қателік болғандықтан, кәффәрат өтемейді. Бірақ сол күнді соңына дейін ұстауы тиіс. Ақыр бұзылды ғой деп ішіп-жеуіне болмайды.
10) Ораза екендігін ұмытып ішіп-жеп қойған кісі оразасын бұзуы керек. Бұл - қате. Ораза екендігі есінен шығып кетіп ішіп-жеген кісінің оразасы бұзылмайды. Тек есіне түскен заматта аузындағы әлі жұтып үлгермеген асты не суды жұтпай шығарып тастап, әрі қарай ұстап кете беруі керек. Оразасы саналады.
11) Күндіз жолға шығатын адам сол күнгі оразаға ниет етпейді. Бұл – қате. Күндіз сапарға шығатын жолаушы үкімінде емес кісі әдеттегідей сәресіге тұрып, әдеттегідей ауыз бекітуі керек. Әрідесе, жолшыбай сол күнгі ұстаған оразасын бұзбай, соңына дейін ұстауы тиіс. Одан кейінгі күндерінде жолаушы ретінде ораза ұстамаса болады.
12) Ұшақта кетіп бара жатып, күн батпаса да кесте бойынша ауыз ашуға болады. Бұндай пікірді де дұрыс көрмейміз. Ереже бойынша, ауыз – күн толықтай батып кеткеннен кейін ашылу керек. Ұшақта күннің көзі көрініп тұрғандықтан, ол батпай ашуы оразасын бұзады. Ол күнгі оразасы есептелмейді.
13) Қан құю оразаны бұзбайды. Қан алдыру оразаны бұзбайды. Бірақ өзіне қан құйдыру оразаны бұзады.
14) Оразада шаш алуға немесе шашын бояуға болмайды. Бұл – қате. Ораза кезінде шаш алуға да, шаш бояуға да, тырнақ алуға да болады. Шаш алудың немесе шаш бояудың оразаға еш қатысы жоқ. 
15) Арақ-шарап сатылатын дүкенде жұмыс істейтін адамға ораза ұстауға болмайды. Бұл пікірді де дұрыс деп есептемейміз. Бір мұсылман арақ сатылатын дүкенде істегені себепті ораза ұстау міндетінен босатылмайды. Ораза ұстауы керек. Ендігі жерде, ондай жерде жұмыс істеуіне бола ма, жоқ па, десеңіз, ол - басқа әңгіме.


16) Ораза айында ерлі-зайыптыларға төсек қатынасына түсуге болмайды. Бұл - қате. Ораза айында күндіз ауыз берік кезде болмайды. Ал түнде, ауыз ашқаннан кейін ерлі-зайыптылардың жақындасуларына рұқсат.
17) Ниет етіп ауызды жауып қойғаннан кейін "уақыт бар болса да" қайта су ішуге болмайды. Бұл да қате тұжырым. Дұрысы - егер сәресі уақыты әлі шықпаған болса, қайта су ішуіне болады. Оған алдын-ала жасаған ниеті бұзылмайды, оразасы дұрыс. Бастысы сәресі уақыты шықпаған болуы керек. 
Алла Тағала ұстаған оразаларымызды кем-кетігімен қабыл етсін. Рамазан айында әрбір отбасыға берекесін жаудырсын!

[1] Бәдруддин әл-Айни: «әл-Бинәя» - 4/47 бет;  Абдуррахман Шәйхи зада: «Мәжмәъуль Әнһур»; Ибн Нүжейм: «Бәхрур Раиқ» - Китабус саум;
 





Пікір жазу