ЕРЛІК ХАҚЫНДА
Ат өте ме көк мұздан тағаланбай,
Ер жүре ме майданда жараланбай.
Бірақ,
бірақ ерлікті кім жасасын,
Ескерусіз қалса егер бағаланбай.
Жайшылықта бәрі де сілкінеді,
Қайшылықта кім қашан күркіреді?
Бұралқы иттің тағдырын кешер болса,
Жұмыр басын қатерге кім тігеді?!
Сыбағалы ала алмай үлесін де,
Ерлік қанша қап қойған күресінде.
Махамбеттің тағдыры – сұрақ болып,
Жауап таппай әлі де жүр есімде.
Пәле-жала жуымай көп қараға,
Қара мылтық ерлерге оқтала ма?!
Махамбеттің ерлігі бағаланса,
Жауыз қолдан қапыда мерт бола ма?!
Аспаса да бір белден – өрден әрі,
Ел ішінде боз жорға, бөрте бәрі.
Бауыржанның тағдыры – сұрақ болып,
Өзегімді келеді өртеп әлі.
Сайтан алған заманда, сайтан алған,
Бағаласа екеуін қайда қалған?!
Оу, ағайын, жоқ емес кездеріміз,
Қос тұлғаны тентек деп майдаланған?!
Неге ормандай ел іші селдіреген,
Туы қайда биікте желбіреген?!
Күмпілдеген кездер де аз емес-ау,
Ер еді деп ездерді еңіреген.
Өсіргесін көлдердің нар қамысын,
Ерлікті ердің ұмытып қалғаны шын.
Бағалайды ерлікті
елдер ғана
Байрақ етіп көтерген Ар-намысын.