ХАЛЫҚ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ХАЛЫҚТАН ТУҒАН
Махамбеттің қара орман елі де болған,
Мал өсірген құнарлы жері де болған.
Аспандаған арудың жүрегін жаулап,
Сезімдерін тулатқан сері де болған.
Тірлігіне өзінің көңілі толған,
Рухты ақынның өрі де, төрі де болған.
Ел қорыған Махамбет атына қонса,
Көл қорыған қызғышы көліне қонған.
Намыс қуған Махамбет байлық қумаған,
Елдің ыза-кегі боп Жайық тулаған.
Сардарды атқа қондырған –
зұлымдық еді,
Дала өңірін тұманнан айықтырмаған.
Қарақшы уақыт қазақты жақтырмағанда,
Сары зәрін басына шаптырмаған ба.
Туламасын елді ойлап неге Махамбет?
Шапқа түртсең осқырып ат тулағанда.
Жолын кесіп, Жәңгір хан алдында тұрса,
Жолдан былай қайтеді лақтырмағанда.
Елдің жайы көзіне елестегенде,
Жәңгір ханмен қайтеді егеспегенде.
Зұлым күшке ақырып қарсы шыға ма,
Зұлым күштің ызғарлы желі еспегенде.
Қабан қылық қабарып қабан заманда,
Құбылатын болған-ды адам табанда.
Қараулықтың орманы қайдан өртенсін,
Жай отынан Махамбет жаралмағанда.
Адаспаса жауынан жарықта қуған,
Қамыт киер мойынын қамытқа бұрған.
Ханның сөзін сөйлесе Жантықтан туған,
Халық қамын ойлаған халықтан туған.