26.04.2022
  137


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚЫНАБЫНАН ЕРТЕ ҚЫЛЫШ СУЫРҒАН


Уа, Махамбет!
Ғұмыр кешіп не білдің?
Теңдік қуып Ар-намыс боп тебіндің.
Нарын құмда еңіреген ер болсаң,
Неден босап егілдің?
Шындық болып тусаң да,
Қараулықтан жеңілдің.
Арбасына қайғының,
Қайғы болып жегілдің.
Ат үстінде күн кешкен,
Уа, Махамбет, мына өмірде не білдің?!
Не бітірдің ер қолдап,
Не бітірдің ел қорғап?
Күркірейсің Нарында,
Шамырқанған шер толғап.
Туың сенің жығылмай,
Күрессең де бұғынбай.
Жұртың сені күйзелтті
Теңдік үшін күрестің
Не екенін ұғынбай.
Кең шолғындап Еділ-Жайық арасын,
Дүниенің қабағын
бір кісідей бағасың.
 Қателігің бірақ та,
Біле тұрып шамасын.
Бастағаның күреске –
Мал қайырған қазақты
Сардар етіп тірілтіп алмай санасын.
Зауал туса жұрттың бәрі бұғынған,
Намыс туы жығылған.
Сарбаздар да атқа қона қоймайды,
Белін бекем буынған.
Ажалына асыққандар тегінде,
Қынабынан ерте қылыш суырған.





Пікір жазу