
ЕГЕР РУХТАС БОЛМАСА…
Жарасатын сөз сөйле намысты ұлға,
Ұлылардың бәрі де таныс тұлға.
Махамбетті биікке көтерем деп,
Махамбетті Пушкинмен салыстырма.
Махамбет те,
Пушкин де жоғалмайды,
Замандардан заманға жоғарлайды.
Егер Пушкин Махамбет бола алмаса,
Махамбет те Пушкин бола алмайды.
Пушкин болса қалада – төрде туған,
Ал Махамбет далада – өрде туған.
Пушкин ғұмыр кешсе егер бақ ішінде,
Махамбетті тағдыры шөлге қуған.
Шаншу қалған қадалып бүйірінде,
Екі ақын да құз кеуде биігінде.
Махамбетке ақ сауыт жарасса егер,
Пушкин – Пушкин өзінің киімінде.
Жүрегіме жоқты айтып жара салма,
Салыстырып екеуін аласарма.
Бакенбардын Пушкиннің
өсірсе егер
Келбетіне Махаңның жараса ма?!
Сағым кешіп мұнартқан жат төбеге,
Табынғанды көп тобыр бақ көре ме?
Махамбеттің күн сүйген ақ сауытын
Пушкин кисе,
Бойына шақ келе ме?!
Бұлбұл құсын ұшырып жыр бағына,
Жазықты ма ақын боп туғанына?
Тағдырдан ба, кім білсін…
Екеуі де
Жауыз қолдың айналған құрбанына.
Тағдыр неткен, ойпыр-ай, шебер еді?
Соны ойласам өзегім өртенеді.
Егер рухтас болмаса,
Екі ақын да,
Екі сұмның қолынан неге өледі?!