24.04.2022
  153


Автор: Рафаэль Ниязбек

УАҚЫТТЫҢ ҚАРА БАЛТАСЫ


Талайдың басын жалмаған,
Дүниені кім бар барлаған?
Семсерді тасқа ұрғандай,
Махамбетті қайда салмаған.
Салды оны бітпес дауға да,
Сілтеді тасқа, тауға да.
Сауытын шешіп үстінен,
Салды айдап қалың жауға да.
Сұмдығын ішке сақтаған,
Оқ бар ма тағдыр атпаған.
Кептірген балық секілді,
Отқа да салып қақтаған.
Сонда да елдің сенімін
Махамбет еді ақтаған.
Азаткерлігі үшін де
Хан-сұлтанға жақпаған.
Талауына түсіп бүргенің,
Ұмытып қашан күлгенін,–
Далада туған Махамбет
Дәмін де татқан түрменің.
Ез көп те жерге қараған,
Кім оны ерге балаған.
Махамбет – көкжал болса егер,
Төбеттер қанша талаған.
Арманын елдің арқалап,
Сүйреген алға нар талап.
 Махамбет – Емен болса егер,
Уақыттың қара балтасы
Шаппады қанша жаңқалап.





Пікір жазу