24.04.2022
  205


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЗДІКТІ ҚОРҒАҒАНЫ ҚАЛАЙ ЕЛДІҢ


Зауал туса сом білек жуандаған,
Адам азып, жауласпай тұра алмаған.
Азып-тоза бастайды табиғат та,
Сағым көшіп қырында бұлаңдаған.
Табиғаттың алдында шіренгенде,
Таралғы үзе жаздаймыз күрең белде.
Бұлақ көзін суырып құм басқан-ды,
Адам көзі шел басып бітелгенде.
Құба жонда жосылған сағым барда,
Табиғатқа зұлым күш бағынған ба.
Өзендердің сулары тартылған-ды,
Адамдардың пейілі тарылғанда.
Бір-біріне сілтеген қабан қанжар
Жүректері ызадан қабынғанда.
Кімге жаулық бұл адам ойламаған,
Әділдіктің жолынан жаңылғанда.
Казақ қанша қуанған
қандасының
Шаңырағы сүйектей шағылғанда.
Махамбеттің өр басы шабыла ма,
Қалың елі қасынан табылғанда.
Жұрт арандап бір өртке шарпылғасын,
Қорғай алмай қалды ма нар тұлғасын.
Махамбетті өлімге қиған еді,
Сақтау үшін қадірсіз ханның басын.
Төбесіне ту тіккен талай белдің,
Нарқын білмей састы ма арайлы ердің.
 Ерлікті емес,
ездікті шыр-пыр болып,
Қорғағаны жан салып қалай елдің?!





Пікір жазу