24.04.2022
  140


Автор: Рафаэль Ниязбек

БӨРІЛІ БАЙРАҚ КӨТЕРГЕН КӨК БӨРІ ЕЛДІҢ...


Сұсты өмірге үңілген зейін беріп,
Тіршілікке өседі бейімделіп.
Қанжау туған күшігін құрбан еткен
Қасқыр қанша тұрса да мейірленіп.
Қыңбай жортып боранда азынаған,
Бөрілердің көзінде от шашыраған.
Азу тісі алқымда қарысатын,
Күшіктерді өсіріп, асыраған.
Сөгілсе де қақырап көбесінен,
Қыңқ етпейтін ұрпақты бөрі өсірген.
Қасқырлардың ішінде күні қараң
Қоралардың түспеген төбесінен.
Іштерінде жоғары бағаланып,
Жол бастаған көкжалы дараланып.
Заңы солай:
Қасқырлар талап жеген
Көсемі егер қалса оқтан жараланып.
Жемтігіне айналып бөктергінің,
Кім жоғалтсын жалғанда көктем күнін.
Көк бөрі ұрпақ қалайша өсіреді,
Заңы қатал болмаса көк бөрінің.
…Оу, Махамбет, жаз көрдің, көктем көрдің,
Соры арылмас дәурені өткенде ердің.
Талауына түспесең жарар еді,
Бөрілі Байрақ көтерген көк бөрі елдің.





Пікір жазу