БІЛГІҢ КЕЛСЕ ЕРЛІКТІҢ НЕ ЕКЕНІН…
Самал ессе Жайықтың жағасынан,
Ерлік рухы еседі даласынан.
Кіші жүзді жау қоршап тұрса егерде,
Тумай қайтсін найза ұстап анасынан.
Шекарасы шойынмен қоршалмаған,
Бұл өңірде талайды оқ жалмаған.
Кіші жүзді қолына найза беріп,
Көкжал етіп туған-ды көкжал заман.
Атыраудың құнарлы бай даласы,
Көкжиекпен астасқан айналасы.
Арқа тұтқан алдыңғы екі ағасын,
Кіші атаның өр емес қай баласы.
Ел қорғайтын ерлерін жасақтаған,
Асау қаны бұл жұрттың аз ақпаған.
Жауын көздеп, боратып оқ атса да,
Бірақ,
бірақ тұныққа тас атпаған.
Түйеге артқан,
жүктерін кемеге артқан,
Өскесін бе үлгі алып көне қарттан, –
Адырнасын садақтың соза тартып,
Бәрі түгел бұл елде жебе тартқан.
Ата Ерлікті салт етіп, жалғастырып,
Жауын неге жықпасын жамбасқа ұрып.
Жауға шапқан бұл елде қыздар қанша,
Кесте бізін найзаға алмастырып.
Жауға шапса, қатынды қатын деме,
Теңіз болса – уайым, ақыл – кеме.
Арыстаннан арыстан туса егерде,
Батыр елден тумасын батыр неге?!
Суырғанда құйын-жел сұр далаңда,
Сұмырай да көп туған сұм заманда.
Тұрар еді аспаны аласарып,
Махамбетті сардар ел тумағанда.
Бұлағы да көрмеген жылап ағып,
Батыр елге қарасын кім аларып.
Білгің келсе Ерліктің не екенін,
Кіші жүздің елінен сұра барып.