24.04.2022
  103


Автор: Рафаэль Ниязбек

МОЛАСЫ ҚАЛМАҒАН БЕЙБАҚ


Баймағамбет генерал шенін тағып, мейманасы тасып,
Елекке жеткенде өзеннің мұзы бұзылып, сең жүріп,
бұрқанып, долданып тасып жатқан. Сұлтанның бойын
желік билеп: “Елек мықты ма, генерал мықты ма, көрейін.
Арғы бетке пароммен өтеміз” деп келте бұйырған.
Аңыз-әңгімелерден.



Елек мықты ма?
Генерал мықты ма?
Көрейік күш сынасып,
Көңіл деген сандықтың құлпын ашып.
Басылсын бір аптығым
мұз-сең жүріп,
Тасып жатқан өзенмен жұлқыласып.
 Жанарымда тұрғанда жасын ойнап,
Тайсақтаман қарақан басымды ойлап.
Жүзіп өтем қайтсем де,
тастаса да
Қаратаудың мойныма тасын байлап.
Қасиеті дарыған жеті Аралдың,
Көкжал бөрі анадан мен жаралдым.
Тентек Елек мың жерден тасыса да,
Жолын бөгей алмайды генералдың.
Сал паромды,
Електен мен өтемін,
Жалған емес жау жүрек ер екенім.
Қолдамаса генерал атанам ба,
Алты Алашты өсірген жер-мекенім.
Сал паромды,
жетемін мұратыма,
Таңырқасын мұзды өзен қуатыма.
Қорықпағын кетер деп суға батып,
Жығылам деп мінеді кім атына.
Сал паромды өзенге,
үрейленбе,
Кімге өткел бермейді дүлей неме.
Сеңді бұзып қайтсем де мен өтемін,
Су перісі сыйынып Сүлейменге…
Жабырқаған көңілін сергіткелі,
Жарамады сұлтанның желіккені.
Күйме үстіне мінгізіп,
паромға артып,
Шерлі өзенге салды әкеп серіктері.
 Неге алдынан жып-жылы жел еспеді,
Махамбет асу бермес белес пе еді.
Паром судың жеткенде ортасына,
Сардар ақын көзіне елестеді.
Көз алдында көк сағым шұбап, өріп,
Өзін сұлтан жүрсе де бұла көріп.
Шын сескенді жағамнан ала ма деп,
Су астынан Махамбет шыға келіп.
Сұмдық ойдан сескеніп, тосылғанда,
Қорқынышты сезімдер жосылды алда.
Төңкеріліп Дүние бара жатты
Сұсты елестен сұрланып шошынғанда.
Түлкі көрген өмірді, құмай көрген
Сұлтан суға шалқалап құлай берген.
Қақ жүректен, кім білсін, көздеді ме,
Махамбеттің кегі үшін Құдай-мерген.
Көкірегін айқара далаға ашқан
Махамбетпен жауығып, жағаласқан
Сұлтан суға өкіріп құлағанда,
Таудай толқын жұлқынып ала қашқан.
Қайғы болып жетсе егер елге күнде,
Қайдан опа табады ер тегінде.
Қан жүктеген мойнына
сол бейбақтың
Моласы да қалмады жер бетінде.





Пікір жазу