24.04.2022
  127


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛ БОЛМАСА…

Бұл қазақты ақылды, есті деме,
Есі болса ақылы кеш кіре ме?
Басы болса егерде,
жиылып кеп,
Махамбеттің өр басын кесті неге?
Шибөрілер секілді жабылғанда,
Сауға сұрап сардар ер жалынған ба.
Басы жоқтар теңесіп, мәз болған-ды,
Махамбеттің өр басы шабылғанда.
Бітті неге қайғылы ғұмыры Ердің?
Содан, сірә, арта ма шырыны елдің.
Жұмыр Басы шабылған сүмбіл дене,
Жатты тулап үстінде Жұмыр Жердің.
Ар жолында қанжардай қайралғасын,
Құрбан еткен ер қанша қайран басын?
Жұмыр Басы ерлердің шабылса егер,
Сал денеге неге елі айналмасын?!
Бабалардың тас шайнап, қар жегенін,
Ойлағанда мен іштей зар шегемін.
 Ақ патшаға сый болып тартылған-ды,
Жұмыр Басы кесіліп хан Кененің.
Асылына қадаған жебе күнде,
Неге ендеше Азғындық кемелінде?
Қалпақ басы болмаса,
темірлігі
Кімге қажет жүзі үшкір шегенің де.
Ата қазақ жұрт болса ақылы асқан,
Шабылады Жұмыр Бас неге елімде?!
Жегеніне мәз болса асын тауып,
Жүгі неге жатпасын сағымда ауып?
Билегені Ресейдің жалған емес,
Ауық-ауық ақылды басын шауып.
Төндіргенде зауалын арсыз жалған,
Ауыртпалық қаншама жан сыздаған.
Неге ақылы кірмейді әлі күнге,
Ел болмаса бұл қазақ бассыз қалған?!





Пікір жазу