24.04.2022
  131


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЕН ЖЕҢЕСІҢ

Жер бетінде жау көп те қараңдаған,
Дүниеге ақынсың алаңдаған.
 Дүниенің бақытын неге ойласын,
Дүниеге кірпіш боп қаланбаған.
Алайда елге жүрегің сенген еді,
Қапталыңда сұр қаншық жел желеді.
Хан-төреден мұңайма жеңілдім деп,
Сардалада кім саған тең келеді.
Махамбет кім?
Жәңгір кім?
Ел біледі,
Талай мәрте көк туың желбіреді.
Қанды ұрыста азамат көп қырылып,
Қара ормандай ел іші селдіреді.
Қара тобыр сен жайлы не біледі,
Бірақ олар мұңдасың, теңің бе еді.
Туған елің болса аман
әлі талай
Махамбет боп намысы тебінеді.
Өмір өзі екшейді, тексереді,
Қайратыңа бәрібір ел сенеді.
Қабырғасын күйретіп, жай соққанда
Небір алып таулар да теңселеді.
Сол таулардай сен де әлі теңселесің,
Шыбын жаның жай таппай сенделесің.
Жер көресің ат барда желіп жүріп,
Асың барда аралап ел көресің.
Өзгені емес,
өзіңді жөн көресің,
Жаудың әлі аспанын төңкересің.
Күнің туса тағдырды ерттеп мініп,
Көкпардайын алдыңа өңгересің.
 Ез деп ешкім айта алмас сені егілген,
Сардар ерсің мұхитта кеме мінген.
Өмір бәрін қояды өз орнына,
Кім-кімді де өткізіп елегінен.
Сені бірақ қай кісі ер демесін,
Бір өзіңді бір қауым ел көресің.
Жер бетінде қаншама жауың болса,
Соның бәрін түбінде сен жеңесің.





Пікір жазу