КӨРІПКЕЛДІҢ СӨЗІ
Жәдігері болғасын бір жүйенің,
Маха, саған басымды күнде иемін.
Күйеуі өлген қатындар бай таба ма,
Жалғандығы болмаса Дүниенің,
Дүниенің болмаса жалғандығы –
Азаматтың тумай ма алдан күні.
Жалғандығынан емес пе,
айдалада
Ердің жаяу салпақтап қалғандығы.
Тұлғасына қарай ма, келбетіне,
Қадалмасын жетсе ажал жебе кімге.
Дүниенің болмаса жалғандығы –
Бірде бетін,
бірде артын береді ме?!
Боққа қонған кей-кейде қақпайланып,
Бір орында тұра ма бақ байланып.
Жау шапқанда ер қанша опат болған,
Қынабынан қылышын таппай қалып.
Дауылдарға қарсы ұшып, іркілмеген
Қыран құс та жемтігін күнде ілмеген.
Ер жігіттің басынан бақ тайса егер,
Ажалдың да көмейі бүлкілдеген.
Өмір деген жол болса шаңы шыққан,
Шаңы шыққан сол жолмен кім жүрмеген.
Неге семсер жүзінде серт етесің,
Серт етсең де,
өмірден сен де өтесің.
Жалған Дүние жаралса жалған болып,
Неге сенің кеудеңді өртемесін?!
Шындық болып қараған күн көзіне,
Неге қарсы қоймасын мыңды өзіне.
Басыңдағы дулығаң
сен өлген соң,
Айнала ма деп қорқам күмбезіңе.