24.04.2022
  153


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛГЕ ҚЫРАН БОЛҒАНЫҢ КЕРЕК ЕДІ


Ертелі-кеш жүрмесең Ай тағалап,
Ендеше, айтшы, келгенсің қайда қарап?
Кімге дәрі сұлтан боп шіренгенің,
Жұртың азып, тозса егер сай жағалап.
Неге қырын қарайсың қарашаға,
Аштан қатып, өлсін бе бала-шаға.
Ердің бәрін көзінен тізіп берсең,
Сенің сұлтан басыңа жараса ма?
Жат алдында қайтеміз аласармай,
Билік тисе өзіңдей аласаға.
Бұрмасаң да бұлқынған бұлақ елге,
Сары орысқа бөксеңді бұра берме.
Ел қорғайтын ерлерді сен түгесіп,
Зар боларсың күні ертең мұрагерге.
Табанына орыстың ұлтан болған,
Қай заманда,
қай кезде сұлтан оңған?
Ел болуды ойлаған қандай жұрт та,
Тұрғызбаған ешқашан құлдан – қорған.
Туса сені егерде Ару-ана,
Жер бөліп бер Жайықтан шаруаға.
 Тілімді егер алмасаң,
торсық етіп,
Бөктеремін басыңды қанжығама…
Билік саған, ей, тақсыр, не береді,
Бұл орынға сені кім шегеледі?
Жауыздықтың жыланы болғаныңнан
Елге қыран болғаның керек еді.





Пікір жазу