24.04.2022
  215


Автор: Рафаэль Ниязбек

МОЛАҢ СЕНІҢ ҚАЛМАСА ЖЕР БЕТІНДЕ


Ақынның құлағы өзінен
қырық жыл бұрын туады.
Ноғайбай шешен.



Көлденеңдеп жолымда қырын тұрған,
Өзін-өзі пәлеге ұрындырған.
Ақындардың құлағы білсең, тақсыр,
Өзінен де қырық жыл бұрын туған.
Қоспасаң да бір ұран ұраныма,
Қылыш сілтеп қайтемін тұрағыңа.
Атпай, шаппай өлесің,
Бір періште
Сыбырлаған түнде кеп құлағыма.
Шаруаға Жайықтан жер бөлесің,
Бөлмей-жармай жұртыңды тең көресің.
Қылышымды қайтемін қанға малып,
Суға батып бәрібір сен өлесің.
Бір қасірет тұрғанда келбетіңде,
Бүйідейін тиіспе елге күнде.
Жоғалғаның емес пе ізім-ғайып,
Молаң сенің қалмаса жер бетінде.





Пікір жазу