24.04.2022
  200


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАЙҚА, АТАМАН, НЕМЕСЕ ПОЛКОВНИК ГЕККЕГЕ АЙТЫЛҒАН СӨЗ


Жазалаушы отрядтың атаманы
“Махамбетті қайтсем де ұстап,
кескілеп өлтірем” деп ызалы тістенген.
АВТОР.



Жүргеніңді ұмытпа намысты елде,
Ханға айналам деймісің қан ішкенде.
Байқа, атаман!
Құдайын ұмытады,
Сендейлер кеудесіне нан піскенде.
Махамбетке кебін ғып жабам дейсің,
Қара жерге ақ ұлпа қар түскенде.
 Жел тұрғанда пырт етіп сынатұғын,
Сардаладан көрдің бе қамыс пенде?!
Неге сенің көңілің арымасын?
Қалсаң кейде қан ішпей тарығасың.
Алда-жалда Махамбет қолға түссе,
Өлтірем деп өжектеп жанығасың.
Сайтан сені азғырып, жын ұрғасын,
Сардаладан жау іздеп жұлынасың.
Адам аулап жүргенде
қарбыздайын
Жұлынбасын бір күні жұмыр басың.
Байқа, атаман!
Ойланбай ат тебінбе,
Келмесе егер оранғың ақ кебінге.
Алмас қылыш емес пе ер Махамбет
Тек қазақтың бойына, шақ беліне.
Байқа, атаман!
Махамбет барыс ақын,
Империяның өзімен алысатын.
Білсең егер даланың темір қолы,
Алқымыңда тістесіп қарысатын.
Кісі болсаң жөн-жоба,
жолға сенер,
Махамбетті сен қайта қорғаса гөр.
Сары орыстың балтасы өтпейді оған,
Өз балтасы қазақтың болмаса егер.
Қалай сенің тұнығың мөлдіресін,
Әлі талай із кесіп көп жүресің.
Өлтірсең де өрт тілді Махамбетті,
Рухын бірақ сен қалай өлтіресің?!





Пікір жазу