ЕРДІҢ ҚҰРБАН ЕТПЕСЕ АЛТЫН БАСЫН
Көкірегі күй шертпей күмбір қағып,
Заман қанша зар төккен күн сұрланып.
Жәңгір – төбет болатын қарғы баулы
Алтын таққа байланған шынжырланып.
Бұйырған соң Жәңгірге тақ адасып,
Сосын елден жоғалған бақ адасып.
Бақ адаспай қайтеді,
Жәңгір жүрсе –
Асыл ердің бәрімен жағаласып.
Кәпір көзбен қадалған өз халқына,
Балық көріп жейтұғын табаға асып.
Қарағанда қыр-сырды ұғар еді,
Жұмған көзін кішкене шамалы ашып.
Орыс десе, құлдырап құрақ ұшқан,
Қазақ десе, ат-тонын ала қашып.
Ойлы көзбен үңілмей мекеніне,
Жәңгір жаттың жармасқан етегіне.
Әй, кәпір-ай, атанбай қайда барсын,
Кәпірлердің ерген соң жетегіне.
Шекелі боп анадан туса егерде,
Қызыға ма жат жұрттың шекеріне.
Өмірді ұғып, өзгертіп көзқарасын,
Құлаққа әсте ілмеді сөз сарасын.
Жәңгір солай қасқырға айналған-ды,
Қойын қырған шабуылдап өз қорасын.
Сөйлегенде көңілін күйік басып,
Билік айтқан болады тиіп-қашып.
Асыл ерді көзінен тізіп берсе,
Елде өзімен кім жүрсін иықтасып.
Борай соғып даласын азынатқан,
Жәңгір жұрттың үйрегін, қазын атқан.
Сыйға тартқан патшаға ердің басын,
Керуенін жасырып қазына артқан.
Құзырына бас иіп, табынғалы,
Көшпелі елдің бәрі де сағымда әлі.
Ақ патшаға сондықтан аса қажет –
Ақылды алтын бастардың шабылғаны.
Қанды жебе еліне тартылғасын,
Жәңгір қалай семсер боп жарқылдасын.
Бірақ алтын тағында отыра ма,
Ердің сый ғып тартпаса алтын басын