24.04.2022
  199


Автор: Рафаэль Ниязбек

ИСАТАЙ БАЛАСЫН МАХАМБЕТКЕ ТАБЫСТАҒАНДА


Білем, Маха, жеңістен алыстадым,
Сонда да егеп найзамды тағы ұштадым.
Олай-бұлай боп кетсем,
Алла атынан
Жақиямды өзіңе табыстадым.
Жәңгір ханды сұлатып ұзынынан,
Жұмыр басын жыландай жанышпадым.
Әлі күнге өзегім өртенеді,
Өкініштен қай күні қан құспадым.
 Есімді алып,
ессіз ғып алмастырған,
Мен не дейін құдайға алжастырған.
Жақиямды сақтарсың қарашықтай,
Ғұмырымды,
жолымды жалғастырған.
Тірі кезде досым де, серігім де,
Ұмытарсың күні ертең мені мүлде.
Құдай жазды – мен көндім,
Ұрыста өлді:
Бір әйелім,
бір балам…
келінім де.
Қайда қуат қақ бөліп тауды айырған?
Дау шеше ме сертінен дауда айныған?
Мал қайырған қазақты сарбаз етіп,
Сардар бар ма бұл күнде жау қайырған.
Жауым неге жүрмесін қыбы қанып,
Ыңыранған атандай бір ырғалып, –
Зеңбіректі әскерге қарсы шауып,
Сарбазымды сорласам қырып алып.
Бірақ, Маха, бар деме не білгенің,
Намыс болып тебінген – тебінгенім.
Болашақтың жеңісі үшін болар,
Бүгін менің жер болып жеңілгенім.
Күннен-күнге тарылып кеңістігім,
Бара жатыр алыстап жеңіс күнім.
Мен бастаған қан майдан біткенмен де,
Бітпес бірақ майданы жер үстінің.





Пікір жазу