Қадір түні
Құрдастарым, құлқың болса, құлақ түр:
Қадір түні он түн емес, бір-ақ түн!
Сол бір түннен қалмау үшін көз жазып,
Он түн бойы күту керек шыдап бір.
Сол бір түні Жебірейіл басқарған,
Періштелер ағылады аспаннан.
Олар сонша көп болады, жердегі
Жатқан барлық ірілі-ұсақ тастардан!
Соның бәрі әсте сені жатсынбай,
Әр сөзіңді жазып жатар хатшыңдай.
Қажетіңді сұра Алладан, еркіңді
Қу нәпсінің билігіне тапсырмай...
Қажетіңді сұра ұялмай, сұрап қал!
Алтын шатыр үй керек пе жұмақтан?
Сол үйіңде бәйбіше боп отырар,
Сұлуың ба жастық шақта ұнатқан?
Бәлкім саған бала деген көп керек.
Беріледі Жаратқаннан боп көмек!
Нық сеніммен дұға жаса, бекерге
Әйеліңе жүре бермей өкпелеп.
Саулап жатқан мейірімнен құр қалма!
Берекелі мұндай басқа түн бар ма?
Бар күнәңнан тазарып ал тәубе етіп,
Раббың Өзі кешірем деп тұрғанда!
Жарылқайтын түні Алла пендесін,
Мол несібе, ырзық сұра көл-көсір,
Жомарт Құдай қолыңды бос қайтармас,
Қазір ап қал, кеш болады өлгесін...
Сұра, Тәңірің қуанады сұрасаң!
Аямайды дұға етуде ұнасаң.
Бәрі-бәрі болғалы тұр сенікі,
Таңға дейін талмай тілеп шыдасаң...
Кімде қандай мұқтаждық бар, сұрастыр.
Шын тілесең берілуі рас бұл.
Иман сұра жақындардың бәріне,
Жайнамазға жапырласып құлассын!
Бауырларың, жекжаттарың, достарың,
Атқара алмай жатыр қандай жоспарын?
Сен де сұра, тілеп қалсын олар да,
Жаратқаннан көкке созып қос қолын.
Атаң, анаң... саған қымбат ол есім.
Тіршілікте тәрбиешің, төрешің...
Дұғаңа қос, кешірімді көп тіле,
Алла оларды мейіріміне бөлесін.
Жаппар Құдай... жағың тынбай ұлықта!
Оны есіңе ал отырып та, тұрып та!
Қасиетті Кітап түскен бұл түні,
Құран оқу керектігін ұмытпа!
Жылы төсек қызықтырып, жантайма.
Теледидар, интернетке аңқайма.
Бағалай біл Қадір түнін бауырлар,
Тең келетін сексен үш жыл, төрт айға!
Сексен үш жыл, төрт айға өзі барабар,
Мұндай түнді кімдер қайдан таба алар?
Жалғыз шарт бар – осы түннің пайдасын
Тек күмәнсіз сенушілер ала алар!