23.04.2022
  397


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ “КІШКЕНТАЙ” КҮЙІ


Буырқанған теңіздей – қазағымның кекті елі,
Кекті елімнің мұңы еді – жас жанымның шерткені.
Көкірегіне шер толып, күркіреген күйшіні,
Керек еді сарбаз ғып – Махамбеттің ерткені.
Кішкентайсың дегені – қанымды ерен тулатқан,
Көңілімнің орманын – жел тұрғандай шулатқан.
Мендей өжет күйшілер атқа ақырып қонбаса,
Теңдік елге келе ме – зұлым күшті құмға атқан.
Мендей өжет күйшілер айналмаса жебеге,
Зұлым күшті құмға атқан – теңдік елге келе ме.
Ерттеп мініп қайықты – Ақ Жайықтан жұрт өткен,
Күнін салмай ақ шаңқан желкен керген кемеге.
Қазанаттан кей-кейде байтал озған заманда,
Азаматтан кей-кейде сайқал озған заманда.
– Кішкентайсың! – деп айтпай Ер Махамбет ерткенде,
Жамандардың күс қолы жүрер ме еді жағамда.
Көкжал бөрі күшігін үйреткен-ді тістелеп,
Жау қолына тірідей ешқашанда түспе деп.
 Оу, Махамбет, мені де баулығаның керек-ті,
Ағалардың қуаты жаңа туған күште деп.
Сарбаздардың тұлғасы құйылса да құрыштан,
Қалжырамай тұра ма – қанды жорық ұрыстан.
Оу, Махамбет, сен мені кішкентайсың демегін,
Қанжар өткір екенін ұмытпағын қылыштан.
…Көңілінің жібімей тұрса егерде мұзы әлі,
Күйші неге болмасын – от құрсанған құсалы.
– Кішкентайсың! – деп сардар қытығына тимесе,
Көкірегінен бұрқанып күй туа ма ызалы.
Тұла бойын қыздырып, қаны ойнаған құланның,
Бәрі де асау,
бәрі өжет сардалада туғанның.
Махамбеттің сөзіне шамырқанып қалғанда,
Бұрқақ атып “Кішкентай” күйі туған Құрманның.





Пікір жазу