МАХАМБЕТТІҢ ҚҰРМАНҒАЗЫҒА БЕРГЕН ЖАУАБЫ
От көрсем де көзіңнен нұр атылған,
Жаралсаң да даланың қуатынан.
Қылыштарға оп-оңай қиылмай ма,
Сен секілді шыбықтар бұратылған.
Балақ бауы алынбай балағынан,
Көк бөріге түсе ме бала қыран.
Кішкентайсың,
қараймын елге қалай,
Өліп кетсең жаулардың жарағынан.
Бақ іздеме даладан,
бақытыңды
Домбыраның сен ізде шанағынан.
Сендей сарбаз қазақта толып жатыр,
Бірақ сендей күйші жоқ, бала Құрман.
Ата күйші түбінде сен боласың,
Қара нөсер күй жауған қабағынан.
Күйшілерден күй қалған,
найза қалса,
Сарбаздардан оқ тиген сағағынан.
Туласаң да сөзімді бұйым көрмей,
Сендей күйші жол тапқан құйынға ермей.
Ғасырлардан ғасырға жол тартады,
Буырқанған бура күш күйің өлмей.
Біз болмасақ Ар жолын кім қуады,
Қанымда асау намысым бұлқынады.
Болашақта егеулі көк найзаның
Керексіз боп қалатын күн туады.
Қайтем сенің көзіңе жат көрініп,
Көкірегіңде асау күй жатты өріліп.
Көк найзаның өлгені, бала Құрман,
Ортасынан сынғаны қақ бөлініп.
Ойладың ба сен соны, Құрман бала,
Найза толғап ендеше ұрандама.
Домбырадан егерде қол жазбасаң,
Көтереді биікке қыран дала.
Жау қолынан өледі жау сағынған,
Тау басына шығады тау сағынған.
Найза толғап қайтесің, Құрман бала,
Күй төгіліп тұрғанда саусағыңнан.
Түнергенде көзінен күн күлмеген,
Жалғандығын жалғанның кім білмеген.
Бала Құрман, күйіңнің күні бар ма,
Жорықтарда менімен бір жүрмеген.
Ата күйші атанып сен қаласың,
Сардаланың күйі боп күмбірлеген.