БАЛА ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ АҒА МАХАМБЕТКЕ АЙТҚАН ӨТІНІШІ
Сұм заманда Жәңгір хан таққа мінген,
Кілең сарбаз сайланып сапқа кірген.
Сарбаз етіп мені де ал,
дұшпанға арнап,
Жүрегімде бір оқ бар сақтап жүрген.
Сақтап жүрген оғым бар жүрегімде,
Тұрған жоқ па айбар, сұс түр – өңімде.
Арыстаннан – ақырсам – айбаттымын,
Жолбарыстың күші бар білегімде.
Шапқылаған құлындай дала, белге,
Мені ендеше, ағатай, бала көрме.
Бала біткен жасынан бақ қуса егер,
Қақ тұра ма киелі қара жерге.
Даналар да кезінде бала болған,
Қанша сәуле шашса да саналы елге.
Қарыс сүйем артына шегінбеген,
Өжет мінез өскінмін тегінде мен.
Тебіндеген, ағатай, кегім шығар,
Бала мұртым жаңадан тебіндеген.
Өтпесе де азаптың көбі бастан,
Бәрін көріп үлгерген көңіл аспан.
Көкірегімде бұрқанып жатыр тулап,
Теңіздердің өксігі көбік шашқан.
Бір күйімнен бір күйім күш алмасқан,
Дүбір салса даладан күзен қашқан.
Болашақта атақты күйші болам,
Буырқанып күй тартып кісен ашқан.
Бес қаруым бойымда түгенделіп,
Бақ сынайын қалың қол – түменге еріп.
Буырқанған күй тартсам шайқастарда,
Сарбаздар да қалмай ма жігерленіп.
Жұрттың бәрі күркіреп қонғанда атқа,
Қалай жүрем ауылда шідерленіп.
Сарбаздардың айналған серкесіне,
Мені ертпейтін құдайдың еркесі ме?
Қилы шақта кім кепіл домбырамның,
Көк найзаға айналып кетпесіне?!