МАХАМБЕТТІҢ САРБАЗДАРҒА ҚАЙРАТ БЕРУІ
Орыс келіп, соғыссыз елді алғанда,
Ер шыдамай атына ер салғанда.
– Сертің қайда азапқа төзем? – деген,
Еңку-еңку егесіп жер шалғанда.
Жат жұрт келіп еліңді қорлағанда,
Аспаныңды қара бұлт торлағанда.
– Сертің қайда азапқа төзем? – деген,
Көк найзаны күркіреп қолға алғанда.
Тап болса да сұмдыққа көз көрмеген,
Азамат ер сертінен өзгермеген.
– Қияметтің жауса да тас бұршағы,
Сертің қайда азапқа төзем? – деген.
Шабыс күнде,
білемін атыс күнде,
Бізді көріп шошынсын жат түсінде.
Ат үстінде туғандар жерге түспей,
Қай кезде де көз жұмған ат үстінде.
Шар болатқа суарып, қайрап алған
Ей, сарбаздар, намысың қайда қалған?!
Қара құстың қанаты секілденіп,
Қара қазақ көгінде Қайғы айналған.
Бұзып-жарып,
тайсалмай қайдан да өтіп,
Аспан асты,
жер үстін майдан етіп, –
Ей, сарбаздар, қайғыны жеңем деме,
Жанылмасаң қайғыны қайрақ етіп.