23.04.2022
  174


Автор: Рафаэль Ниязбек

ИСАТАЙДЫҢ ЕЛГЕ АЙТҚАН СӘЛЕМІ


Мұнар сағым мұнартып көше берсін,
Бірақ ердің соңынан көшелі ерсін.
Ел болуды ойласа жұртым егер,
Түнде мамық құс төсек төсенбесін.
Жайшылықта бойдағы күшке сеніп,
Қатып қалған жан қанша түзде семіп.
Құс төсекке жамбасы үйренгендер,
Қар жамылып, жата алмас мұз төсеніп.
 Өз тағдыры өзіне көнбегенде,
Ат ойнатып кім жүрсін өрде, белде.
Ел болуды ойласа жұртым егер,
Шай ішпесін тері ағып шөлдегенде.
Ұрынғанда тағдырдың суығына,
Оранса да қаптама тұлыбына, –
Үйдің ыстық шайына үйренгеннің
Неге көк мұз қатпасын қуығына?!
Қан тамырда Ар-намыс бұлқынғанда,
Шырт ұйқыда жатпасын жұртым таңда.
Кебіс, мәсі кимесін аяғына,
Ер етікпен су кешер күн туғанда.
Қара құйын құтырып қырда ескенде,
Не боларын күні ертең білмес пенде.
Суық ызғар мәсіден тұра ма өтпей,
Аяғымен ер жігіт су кешкенде.
Сардаладан бақытын іздегенде,
Қазақ жортпай тұра ма түз, белеңде.
Ата жұртым төзімді ел болады,
Осы үшеуін бұлжытпай істегенде.
Қараулықтың тілінен сөзі өрілген,
Кім басынбас жасықты көзі егілген.
Азаттыққа алқынбай бір жетеді,
Елдер ғана азапқа төзе білген.





Пікір жазу