meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  23.04.2022
  241


Автор: Рафаэль Ниязбек

ИСАТАЙ БАТЫРДЫҢ ӨКІНІШІ


Арыстандай ақырған айбатыма,
Жолбарыстай жұлқынған қайратыма,
Хан ордасы шыдамай солқылдаған,
Сары орыстың көп ерген айтағына.
Қайқы білек қылышпен басын шабам,
Мінсін, мейлі, қатыбас Қайғы атына.
Бірақ,
бірақ Ордаға неге сендім,
Сардар ері болсам да жебелі елдің.
Желбуаздың тіліне ердім неге,
Тілін алмай Махамбет – кемеңгердің.
Асқар таудың қайралған боз тасына,
Сарбаздардың қалдым-ау көз жасына.
Он күн мұрсат бергенім –
қайғы-сор боп,
Жабысқанын көрдің бе өз басыма.
Хан ордасын бұ қалай тыңдағаным,
Шаңырағын түсірмей ортасына.
Қай бетіммен қараймын сарбаздарға,
Махамбетке не деймін, жолдасыма.
Алау болып жанамын бөрте дөңде,
Жалын жұтып, өзегім өртенгенде.
 Өкініштен өкіріп жылайды екен,
Қиянатқа,
қорлыққа көнген пенде.
Қарбаласта ішілмей қалған асы,
Жылап тұр деп көндім-ау хан баласы.
Қайтпас едім бетімнен
нар қазақтың
Атқа түгел қонғанда сардаласы.
Он күн мұрсат ордаға бермегенде,
Қарап, сірә, қалмас ем жерге мен де.
Азғырынды сөзіне алданам ба,
Тал бойымда бір желік желмегенде.
Күнім төмен еңкейіп көлбегенде,
Басқа салды, қайтемін, көнбегенде.
Жылмаңдаған қу түлкі – хан баласы,
Қаныңды енді ішермін шөлдегенде.
Жау қарасы алыстан көрінгенде,
Қазғаным бұл емес пе көрімді елде.
Ойлады ма жат жұртқа жем боларын,
Жүзге, руға бұ қазақ бөлінгенде.
Орыс добын атқанда күркіретіп,
Тау мен Дала қалған-ды дір-дір етіп.
Қарулы Күш осал ма
келе жатқан –
Жағасынан Жалғанды сілкіп өтіп.
Тау мен Дала шыңғырып отқа оранды,
Қызғалдағын өсірген үлбіретіп.
Дүрбі салып қарайтын елі алыстан,
Дара шығып, жау қайда жеке алысқан.
 Зеңбіректі әскерге не істесін,
Исатай мен Махамбет – екі арыстан.
Толқын болып соқса да жарға басын,
Жауды қалай қос қылыш жаңқаласын.
Бағаналы терегім қақ жарылған
Қайтқан құстай базарым тарқағасын.





Пікір жазу