23.04.2022
  154


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАХАМБЕТТІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ


Қара бұлттай ордаға қаптағалы,
Қонған жоқ па сарбаздың атқа бәрі.
Қынабынан ызалы суырылған
Қылыштардың бұл қалай шаппағаны?!
Он күн тұрмақ бір күн де мұрсат берме,
Тексеретін кез емес ақ-қараны.
Сардар батыр болсаң да қол бастаған,
Бұл ісіңді тұрғам жоқ жақтағалы.
Қай бетіңмен қарайсың ертең елге,
Сарбаздардың төгілсе жатқа қаны.
Қуат бергің келсе егер сардалаңа,
Жігіттердің жігерін жаңқалама.
Қызған кезде темірді соғар болар,
Сарбаздарды баста алға, сардар аға !
Батыл шешім жасамай булыққаның –
Тал бойыңнан қаныңды суытқаның.
Жауды аяған жаралы болатынын
Сардар аға,
бұл қалай ұмытқаның?!
Найза сұғып үйренген жаралы елге,
Хан орданың қабағын баға берме.
Азаттықтың жолында атқа қонған
Сарбаздарды бетінен қаға көрме.
Сардалада өксіген зарлы барда,
Пайда қайсы жігерді дал қылғанда?
Тартып қалсаң тізгінін не болады,
Терең ордан арғымақ қарғығанда?!
 Ел басына қаралы күн туғанда,
Шығар едің ұтысқа- ұмтылғанда.
Сорлар еді хан қайрат көрсете алмай,
Тұтқындалып қолыңда ұл тұрғанда.
Бекер, батыр, сен оны босаттың-ау
Ит иесін қаппай ма құтырғанда.
Ат суарып орданың бұлағына,
Соған сенің көңілің құлады ма?
Жүзін қанға боямай кім салады,
Суырылған қылышты қынабына.
Бұдан кейін өз жолын таңдар бәрі,
Сарбаздардың жер болып қалды арманы.
Оу, Исатай, ордаға бастадың ба,
Қазанаттай қазыққа қаңтарғалы.
Оу, Исатай, жолыңнан жаңылғанда,
Не істейміз қасыңнан табылғанда?
Шағылмас ед сарбаздар тауы қайтып,
Шаңырағы орданың шағылғанда.





Пікір жазу