23.04.2022
  94


Автор: Рафаэль Ниязбек

ХАН ОРДАСЫН ҚОРШАҒАНДА


Атыраудың сұстанып атырабы,
Атқа қонған жыңғылы, тал-құрағы…
Исатайлар қаптап кеп қоршағанда,
Хан орданың шайқалған шаңырағы.
Намыс қайрап, жетілген жігерлі елде,
Жауар бұлттай кіл сарбаз түнергенде.
Қаһарынан сескеніп сап басылған,
Қара құйын суырған күрең белде.
Мал қайырып қырында жан бақпаған,
Сарбаздардың көзіне қан қаптаған.
Хан орданың үлкені, кішісі де,
Жапырылып қоғадай жалпақтаған.
Ханның ұлы алдында тұрды еңіреп,
Жайшылықта әр сөзін салмақтаған.
Ашық аспан даусынан қыр түлеген,
Сонда Исатай былай деп күркіреген:
 – Он күн мұрсат беремін ойлануға,
Үмітімді әлі үзбей үкілеген.
Еділ, Жайық арасын елге беріп,
Бұдан былай жүресің жөнге көніп.
Ажал құшып әйтпесе өкіресің,
Төрде көрмей басыңды көрде көріп.
Хан ұлы ұры иттей жалақтаған,
Үрейі ұшып, көздері алақтаған.
Исатайдың алдында қалш-қалш етіп,
Сөзін әрең былай деп сабақтаған:
– Ақ семсерін намысқа қайрап алған,
Батырын жұрт тыңдамай қайда барған?
Құлдық ұрам сөзіңе,
сайғақ емен
Үйірінен адасып сайда қалған.
Тұрсаң егер шапқалы дамыл бермей,
Қайда барам сөзіңді қабыл көрмей.
Талабыңның бәрін де орындаймын,
Сертін бұзып көрмеген жауынгердей.
– Жетер енді, хан ұлы, қалтырама,
Сынық арба секілді салдырама.
Арыстандай ақырып мен ұмтылсам,
Жан тұра ма жолымда, хан тұра ма!
Бұрынғыдай кете алмай сөзін бөліп,
Бұрынғыдай тұра алмай төсін керіп.
Ханның ұлы жөнелген
Исатайдың
Қан қаптаған қып-қызыл көзін көріп.





Пікір жазу