23.04.2022
  101


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚЫРЫҚ БАТЫР СЕКІЛДІ АЙБЫНДАНҒАН


– Дүниеге қараған шекесімен,
Жау құтылып көрмеген жебесінен.
 Батыр болсаң, Махамбет! – деді Исатай, –
Бір қорқытшы тандырып мені есімнен.
– Айдыны асып аспанда жүзген Айдан,
Ашқан талай батырсыз түзде майдан.
Сізді, Иса-еке – деді ақын, – қорқытатын,
Аждаһа алып күш бітсін бізге қайдан.
Исатай ер тұрғанда топқа қарап,
Тұла бойын бір қызу өтті аралап.
– Қорқытасың! –деді ол қасарысып,
Айтқан сөзін атылған оққа балап.
Аруақ-күш ақынды жебегенде,
Неге тұрсын аңырып төбе, белде
Кілең сарбаз сап түзеп тұра қалған,
Қырға шауып Махамбет жөнелгенде.
Махамбеттің туындап қиялынан,
Көңілінен күмбірлеп күй ағылған.
“Ағатай” деп ұрандап құйғытқанда,
Шаң бораған атының тұяғынан.
Айдарынан ер бар ма жел еспеген,
Құйғытқанда Махамбет белеспенен.
Исатайдың көзіне қырық найза,
Самсап келе жатқандай елестеген.
Арғымағын ақырып тебінгенде,
Сардаланың шаң көмген көгін демде.
Махамбеттің бір өзі қырық сардар,
Секілденіп көзіне көрінгенде, –
Қалды ойланып Исатай
қорқып қашып
Сарбаздардың қатары сөгілгенде.
 Сұм заманда шаң басқан, қына басқан,
Қылыш бар ма сөзіңе құлақ асқан.
Тоқтағанда Махамбет шауып келіп,
Исатайдан басқасы тұра қашқан.
– Күн мұңданып көзіңде, Ай мұңданып,
Көңіліңе кірмесін қайғы ұрланып.
Алдан бағың ашылсын, – деді Исатай,
Махамбетті бұл жолы айқын танып: –
Ер екенсің шапқанда кететұғын,
Қырық батыр секілді айбынданып.





Пікір жазу