ХАН ОРДАСЫНАН ИСАТАЙ КЕТКЕНДЕ
Алдияр тақсыр, қасыңнан
Исатай ердің кеткені –
Бақ құсың ұшып басыңнан,
Сұмдықтың сізге жеткені.
Жер шаппай,
Шабар ер басын
Зұлымның қара кетпені.
Алдияр тақсыр, қасыңнан
Исатай ердің кеткені –
Қалыңдап қайғың шашыңнан,
Тозғаны шындық шекпені;
Азамат ерлер ұғыспай,
Халықтың азап шеккені.
Кешіре қоймас бұныңды,
Байұлының батыр текті елі.
Исатай ердің кеткені –
Сөгілгені берік іргенің.
Қырылып қырдың текке елі,
Талауына түсер бүргенің.
Онсыз да халық ішінде
Жалған Дүние – түрменің.
Қалқан ғып кімді ұстайсың?
Исатай ерді қуғанда.
Қорғансыз қалған құстайсың,
Қара күн басқа туғанда.
Басыңа қонған бағыңның,
Исатай еді қайнары.
Жайғасқан алтын тағыңның,
Исатай еді айбары.
Исатай ердің кеткені –
Кеткені сені шапқалы.
Соңынан ерсе кекті елі,
Қаныңның судай аққаны.
Аз ба еді оның қолынан,
Дұшпанның ажал тапқаны.
Көңілің, тақсыр, жайлансын,
Батырды кері қайта алып,
Құзырың қайта майлансын,
Ақ ордаң тұрса шайқалып.
Батырды кері алмасаң,
Жүремін қалай ортаңда.
Соңынан қуып бармасаң,
Қала алман суық Ордаңда.
Аң-құсы болса орманның,
Орданың сенсің иесі.
Бірақ та сұсты Ордаңның,
Исатай еді киесі.
Исатай еді – қорғаның,
Көкірегің шерге тола ма?
Киесі кеткен Орданың,
Қасиеті, сірә, бола ма?!