23.04.2022
  153


Автор: Рафаэль Ниязбек

ФАТИМА ХАНЫМНЫҢ МАХАМБЕТКЕ ЖОЛДАҒАН СӘЛЕМІ


Кеңістікте толқыған теңіз бе едің,
Толқыныңнан бір шипа мен іздедім.
Жолықтың-ау босаға көргенімде,
Қыз күнімде гүлімді неге үзбедің?
Тамырыңда туласа қызған қаның –
Мені бөгде көздерден қызғанғаның.
Болмас еді арманым
өзің келіп,
Қыз күнімнің үзгенде қызғалдағын.
 Жәңгір ханның сен төзбей қорлығына,
Түскеніңді ұмытпа қорығына.
Жорық жырын қаладың сардаланың,
Махаббаттың аттанбай жорығына.
Өскен ақын сен едің төзімді елде,
Өскен ару мен едім төзімді елде.
Қай қиырда жүрсең де ат сабылтып,
Ойың менде болатын, көзің менде.
Сондай шақта толқитын теңіз денем,
Көңіл гүлі жайқалып жел үзбеген.
Көкжиектен көзіңді көретінмін,
Ақ Орданың ішінен мені іздеген.
Мақаш жаным!
Тәнтімін қуатыңа,
Қуатыңа тәнтімін, ұлы атыңа.
Неге соңғы күндері келмей кеттің?
Ат та оралған су ішкен суатына.
Бұлықсыған сезімді сезінбеген,
Тастан суық сауыт па төзім деген…
Хан қойнында жатсам да,
аласұрып,
Түндер қанша сені аңсап көз ілмеген.
Бұлбұл құстай алқынып бағына ұшқан,
Ғашық жандар емес пе ек сағынысқан.
Қателіктен тұрса Өмір
есі ауысып,
Бізді қоспай тағдыр да жаңылысқан.
Түнде мені күзетіп жалықты ма Ай,
Сен кеткенде ат басын анық бұрмай.
 Сағындырсаң сағындыр,
бірақ, жаным,
Жетші ертерек кісіні зарықтырмай!
Қайғы кешіп жүрмек боп құм Нарында,
Қайғы арқалап тудың ба – туғаныңда.
Білсең егер, Махамбет, тұтқынымсың,
Жүрегімнің қап қойған зынданында.
Мені сені сүюге туыпты Анам,
Көңілімді сондықтан суытпағам.
Құтылмайсың сен менен
Ана жаққа –
Аттансаң да соңыңнан қуып барам.
…Содан бері қаншама қыр түледі,
Көк аспанда күн қанша күркіреді.
Ана жаққа барғанда екі мұңлық
Табысыпты деседі,
кім біледі?!





Пікір жазу