23.04.2022
  102


Автор: Рафаэль Ниязбек

ПАТШАНЫҢ ҚҰШАҒЫНДА

Тірі жанмен сырласып, кеңеспеген
Ару бар ма лебінен жел еспеген.
Фатиманың патшамен билегені
Махамбеттің көзіне елестеген.
Сұлу неге жүрмесін сайқалданып,
Құтырса егер жүрегі майдан салып…
Патша биге шақырған Фатиманы,
Айдай сұлу көркіне қайран қалып.
Қайғы-мұңға жүрегін қойған малып,
Қайран ақын тұрған-ды ойға алданып.
Фатима ару патшамен билегенде,
Быт-шыт болған сенімі ойрандалып.
Булыққанда шықпай қап сөзі ашынған,
Қызғаныштың бұрқ етіп көзі ашылған.
 Фатима тек көзіне тұрды елестеп,
Құнажындай бұқаға өзі асылған.
Фатиманың патшамен билегені –
Айғыр көрген байталдай күйлегені.
Махамбеттей даланың мұзбалағын,
Бұрынғыдай өртеніп сүймегені.
“Намысты ұлы болғасын сұсты Ананың,
Қызғанамын, – деді ақын, – қызғанамын.”
Оу, Фатима, патшадан кем көрдің бе,
Таулары асқақ даланың мұзбалағын.
Би биледің бұралып есіл белің,
Оған бола жазғырмас сезімді елің.
Биде не тұр…
Патшаның құшағында,
Батады тек бақытты сезінгенің.





Пікір жазу