БІЛСЕ ЕГЕР…
Ей, Жәңгір хан,тағыңа таласпайын,
Бірақ неге ел қорғап жақ ашпайын.
Жұртқа пана болмадың,
Тыр жалаңаш –
Жар басына шаншылған ағаштайын.
Тірлігің көп жалғанда қан қайнайтын,
Туған елді мал көрме шаңға айдайтын.
Тақтан тайсаң деп едім есің барда,
Мезгіл жеткен қарадан хан сайлайтын.
Туған елдің тұнығын арамдаған,
Хан болдың жүрек отын жаға алмаған.
Құдайына қараған қара қазақ
Құл болуға анадан жаралмаған.
Бастамадың жұртыңды баққа кілең,
Жүзің сенің нұрлы емес, қатпа білем.
Таққа мінсең еліңді тоздыруға,
Тоздыртпауға ендеше атқа мінем.
Жалпағынан жалғанды таптап жүрген,
Сарбаз қанша елді ойлап сапқа кірген.
Таққа мінген хандарды
қай кезде де –
Ат көтіне байлаған атқа мінген.
Ей, Жәңгір хан, сен соны білесің бе?
Жүзің сенің шыдай ма тіресуге.
Мені уақыт биікке көтергенде,
Лақтырады сені Уақыт күресінге.
Туған елің қайғылы, мұңды орманың,
Емес шығар асқар тау, шың – қорғаның.
Тарих куә.
Бүгінде кім білмейді,
Тақта отырған ханның да тұл болғанын.
Сөзді өзіңдей хан неге түсінбесін,
Көлеңкесін неге өмір түсірмесін.
Тақ үстінде отырмын деме, Жәңгір,
Білсең егер табыттың үстіндесің.