23.04.2022
  124


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛГЕ ХАТ

Махамбет алғаш қолға түскенде
тұтқында отырған бір сарбаз
былай деп елге хат жолдаған.
АВТОР.
І
Бері ойланып хат жаздым, әрі ойланып,
Бейнесіне Махаңның қарай қалып.
Махаң деген елімнің таңы емес пе,
Шығыс жақтан көрінген арайланып.
Қанды балақ соқтығып түнді елеске,
Жамандықпен шығады кім белеске?!
Айналайын ел-жұртым!
Махаң деген
Көкжиектен көрінген күн емес пе!
 Қанат жайып шарлаған дала әлемін,
Қойдан жуас қоңырың – қара өлеңің.
Болса егерде ел-жұрты жасыл орман,
Сол орманда жайқалған дара еменің.
Ел-жұрты оның көзінен жас ақтарып,
Шықпай ма, айтшы, мұндайда жасақталып.
Шыныменен Махаңның кеткені ме,
Жамандыққа тағдыры қосақталып.
Ендеше оны жүгірген жел қолдасын,
Кісінеген жүрегін бел толғасын.
Азамат та еркелеп шатасады,
Арқа сүйер артында ел болғасын.
Елдігіңнен не пайда, кеңдігіңнен
Еңіреген ер рухы жер болғасын.
Ажал қолын салғанда белдігіңе,
Қарсы неге жүрмейсің желді күнге?!
Ара түсу Махаңа, ара түспеу
Байланысты нар жүрек елдігіңе.
ІІ
Тап болғасын, амал не, тосын жайға,
Тартам десең өзің біл қосыңды Айға!
Азаматтың азаматтығы,
Елдің елдігі –
Сыналар осындайда.
Барлық істі демеймін өткенге жап,
Бола бермес қашанда көктем ғажап.
Жалғыз Махаң емес қой
Білгендерге
Жаны күйіп жазықсыз кеткен қазақ!
 Қуат алып қыранның қанатынан,
Жан-жүйесі далаға таратылған.
Махаң сенің, ел-жұртым, дара тұлғаң!
Ара түскін Махаңа
Ел болсаң сен
Адамзаттың арына ара тұрған.
Төбесіне үйіріп егес бұлтын,
Әр қашанда берер-ау дөңес сыртын.
Азаматын ажалға байлап беру –
Елдікке тән қасиет емес, Жұртым!





Пікір жазу