23.04.2022
  109


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЗАУАЛ ТУЫП КЕЛЕ МЕ…

Ақыл қайдан бітеді жарақтыға,
Үйренсе егер оқ атып қанаттыға.
Ақ Жайықтан өттің деп Махамбетті,
Жапты бірде қараңғы абақтыға.
Күні туған заманда жарақтының,
Күні қараң емес пе қанаттының.
Ақын болса далаға сыймай жүрген,
Сыйсын қалай ішіне абақтының.
Ақын еді күн кешкен шырғалаңда,
Не істейді сертінде тұрмағанда.
Қабырғасы шатынап солқылдаған
Абақтының ішінде бұрқағанда.
Ажырамай бура күш – қуатынан,
Зұлымдықтың бетіне тура атылған.
Уысына қысқанда буы шығып,
Қандай тас та шыдамай уатылған.
Заман, сірә, сертінен таймағанда,
Жүрер еді найқалып Айлы алаңда.
 Азу тісі ақынның шақырлаған
Күтірлетіп тастарды шайнағанда.
Ыза-ашудан өзегі өртенгенде,
Жусан бірге өртенген бөрте дөңде.
Неге азамат түрмеге жабылады,
Өріс ашып ұмтылған өркенді елде?!
Махамбеттің өрт кетпей өзегінен,
Қай-қайда да от болып сөзі өрілген.
Зауал туып келе ме
Тұтқындалар
Азамат ер өтсе де өзенінен.





Пікір жазу