23.04.2022
  171


Автор: Рафаэль Ниязбек

ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙДІҢ САЯСАТЫ


Шоғырланып бір жерге,
Түгенделген сайманы,
Жұрттың бәрі айлалы.
Қазақ көшіп жүре берсін ендеше,
Бұл – Ресейге пайдалы.
Отырықшы елге айналса егерде,
Махамбеттің басталады майданы.
Қамыс деме сайдағы,
Махамбеттер –
Ар-намыстың қайрағы.
Орыс – мерген болса егер,
Қазақ – қырдың сайғағы.
Айраны ақтарылған табақтай
Абыройы төгіліп,
Ұлтаны кеткен етіктей
Іргесінен сөгіліп,
Ыдырасын бұ қазақ
Жүзге, руға бөлініп.
Төрт түлік боп жайғаны,
Бөлінгені – пайдалы.
 Жүрегіңді тілетін
Қабан қанжар – Қайғы әлі.
Қылыштары өтпейді
Сынса егерде қайрағы.
Жігері оттан өрілген
Қандай ел де ат үстінен көрінген.
Тозған жұртты торғай шұқып жесе егер,
Бөріге азық – бөлінген.
Жаудан, сірә, күні бар ма шегінген,
Ешбір жаудан жеңілмей
Қазақ –
Қазақтан ғана жеңілген.
Бұдан былай ендеше
Қамыс боп отқа жағылсын,
Намыс боп атқа тебінген.
Іріткі сап жасырын,
Маңғаз дейміз – масылын.
Сұңқар көріп – сатқынын,
Азғын дейміз – асылын.
Содан кейін миы –
Суға айналып,
Су миы –
Буға айналып,
Көз-жанарын шел басып,
Көкірегін шер басып,
Ақылынан адасып,
Көзін алыс тіге алмайды белге асып.
Етекбастыны көп көрсе,
Неге өспесін елінде
Егеулі найза ер жасып.
 Теңізін кешіп азаптың,
Аңсамасын Азат күн.
Жүзге бөлініп,
Жүзі күйсін қазақтың.
Ұмыттырып сауықты,
Кигізбе асыл сауытты.
Бұ қазақтың Ресейге
Біріккені – қауіпті.





Пікір жазу