23.04.2022
291
Жиендік
Нағашым менің – сырқынды қара сөз,
Өлең менің – ұрыншақ жиенім.
Жарапазаншыдай болмаса ез,
Ақындық еркелікті мен сүйемін!
Етсін еркелеп, маған базына,
Бейілдің базарын мен түсінем.
Тонамасын тек жиенім қазына,
Қалыспау үшін өзіңдей кісіден!
Сейфті ашар саусақпен баукеспе,
Аттың кісенін сындырып жатпайды.
Біреулер оны зымиян жау десе,
Біреулер айғақ таппай, ақтайды!
Жиенім, оларға өзің жолама,
Сен ал сыбаға менің тойымда.
Көгертіп көзін бейне долана,
Зымиянды жұрт көзінше сойылда!