21.04.2022
  369


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨР АЛТАЙ, ҚАЙТЕМ СЕНІҢ БИІГІҢДІ

Жазушы Әлібек АСҚАРҒА
Өр Алтай, қайтем сенің биігіңді,
Өртеген баса алмасаң күйігімді.
Кеудемнен итермегін саған артсам,
Тірлікте шеше алмаған түйінімді.
Өр Алтай, бір жаманға неге бердің,
Төбесіне ту тіккен биігімді?!
 Бас ұрып тірі жанға сыйынбаған
Уақыт у ішкізіп құйындаған.
Мен неге сыбағамнан құр қаламын,
Бейбақтай өз үлесі бұйырмаған.
Білмеймін заманнан ба...
адамнан ба,
Халықтың қазынасын жиі ұрлаған.
Өлем деп қорықпаймын, күн кешемін,
Мен әлі Болашақпен тілдесемін.
Кермеде арғымағым тұрса арқырап,
Өзгенің неге артына мінгесемін.
Өр Алтай, ақын жүрек ашынғанда
Жүрегің туламай ма бірге сенің?
Қасиет бар болғасын асыл қанда,
Өр Алтай, жыр жазамын ашынғанда.
Қабағы Үкіметтің тұр ашылмай,
Құдайдың қабағы елге ашылғанда.
Өр Алтай, бір-ақ жинап алмақпысың,
Саудырап сүйектерім шашылғанда.
Қадалмай шану болып бүйіріме,
Өр Алтай, құлақ түрсең жиі үніме.
Айғырды арқыратып қолда ұстамай,
Қосар ең арғымақтың үйіріне.
Таулардың биіктігі кімге дәрі,
Ақынын көтермесе биігіне.





Пікір жазу